«Ұлттық мұра – мәңгілік қазына»: Атырауда ұлттық мұраны насихаттауға арналған аймақтық семинар өтті
«Нұрлы тал» этноауылында қонақтарға арнап ұлттық ән-жыр, қолөнер бұйымдары мен ұлттық ойындар таныстырылды
Атырау облысында материалдық емес мәдени мұраны қорғау, зерттеу және насихаттауға арналған «Ұлттық мұра – мәңгілік қазына» аймақтық семинары өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Семинардың алғашқы күні «Нұрлы тал» этноауылында қонақтарға арнап ұлттық ән-жыр, қолөнер бұйымдары мен ұлттық ойындар таныстырылды.
Семинарға Қазақстанның материалдық емес мәдени мұраны қорғау жөніндегі Ұлттық комитеті төрағасының орынбасары Рүстем Мұзафаров, педагогика ғылымдарының кандидаты Шахман Нағымов, жергілікті және өзге өңірлерден келген мәдениет пен өнер саласының өкілдері қатысты.


«Ұлттық мәдениет пен ұлттық бірегейлік – қоғамның негізін қалыптастыратын құндылықтар. Атыраудағы іс-шара ЮНЕСКО-ның Қазақстанда жүзеге асырып жатқан үш жылдық бағдарламасы аясында маңызды күн болып отыр. Атырауда балаларға ұлттық мәдениеттің дағдыларын жастайынан ойын арқылы үйретудің маңызы зор екендігі көрсетіліп жатыр», – деді Р. Мұзафаров.
Іс-шара барысында материалдық емес мәдени мұраны зерттеу, құжаттау және кейінгі ұрпаққа жеткізу мәселелері талқыланып, өңірдегі этнографиялық экспедициялар нәтижелері таныстырылады.