Кибербуллинг, алаяқтық, дипфейк: Қазақстанда мыңдаған адам интернетте сақ болу жолдарын үйренді
Аймақтарда осы бағытта 20-дан астам іс-шара өтті
Қазақстанда қыркүйек бойы өткен Киберқауіпсіздік айы аясында еліміздің барлық өңірінде азаматтардың цифрлық қауіптерден қорғану сауатын арттыруға бағытталған 20-дан астам іс-шара өтті. Форумдар, семинарлар мен практикалық тренингтерге 2 мыңнан астам адам қатысып, интернет-алаяқтық, дербес деректерді қорғау, кибербуллинг және өзге де цифрлық қауіптердің алдын алу жолдарын үйренді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Киберқауіпсіздік айының алғашқы іс-шарасы ретінде Халықаралық жасанды интеллект орталығы Alem.ai алаңында өткен «CYBER STEPPE 2026» конференциясы өтті. Іс-шараға мемлекеттік органдардың, сарапшылар қауымдастығының және киберқауіпсіздік саласының өкілдері қатысты.
Конференцияның бірінші күнінде сарапшылар киберқауіпсіздік саласындағы өзекті мәселелерді, қазіргі цифрлық қатерлерді және ақпараттық қауіпсіздікті күшейту жолдарын талқылады. Ал «CYBER STEPPE 2026» конференциясының екінші күні отбасыларға, студенттер мен мұғалімдерге арналды. Қатысушыларға күрделі цифрлық қауіптер қарапайым тілмен түсіндіріліп, нақты мысалдар көрсетілді. Олар кибербуллинг пен онлайн ойындардағы қауіптерге арналған интерактивті тренажерлерден өтіп, түрлі квиздерге қатысты.
Сонымен қатар Астанада Fortinet Security Day іс-шарасы ұйымдастырылды. Кәсіби мамандарға арналған кездесуде кибертәуекелдерді басқарудың заманауи тәсілдері талқыланып, цифрлық қорғаныс құралдарын қолдануға арналған практикалық сессиялар өткізілді.
«Киберқауіпсіздік айы аясындағы маңызды бағыттардың бірі – өңірлерде жұмыс жүргізу. Еліміздің әр өңірінде 20-дан астам іс-шара өтті. Олардың қатарында форумдар, семинарлар және практикалық воркшоптар бар. Бұл кездесулерге 2 мыңнан астам адам қатысты. Іс-шаралар университеттерде, колледждерде және IT-хабтарда киберқауіпсіздік саласының жетекші мамандарының қатысуымен өтті. Сарапшылар заманауи киберқауіптер туралы айтып, нақты жағдайларды талдады. Сондай-ақ дербес деректерді қорғау және интернетте қауіпсіз әрекет ету бойынша практикалық кеңестер берді. Мұғалімдердің киберсауаттылығын арттыруға да ерекше көңіл бөлінді. Астанада қалалық Әдістемелік орталықтың әдіскерлеріне киберқауіпсіздік негіздері мен цифрлық ортада өздерін қорғау жолдары бойынша тренинг өткізілді. Сонымен қатар UNICEF-пен бірлесіп Алматы мен Шымкентте киберқауіптер туралы хабардарлықты арттыруға және интернетте қауіпсіз әрекет ету дағдыларын қалыптастыруға бағытталған білім беру іс-шаралары ұйымдастырылды», – деп жазады Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі.
Айдың қорытынды ірі іс-шарасы 29-30 қыркүйекте Астанада өткен халықаралық KazHackStan-2026 конференциясы болды.
Бірінші күні қатысушылар азаматтарды интернет-алаяқтықтан қорғау, дербес деректердің таралып кетуі, дипфейктердің таралуы және аса маңызды инфрақұрылымды қорғау мәселелерін талқылады. Негізгі іс-шаралардың бірі «Қазақстанның киберорнықтылығы: мемлекет, технологиялар және ортақ жауапкершілік» тақырыбындағы панельдік сессия болды.

Конференция аясында CyberNomad Awards марапаттау рәсімі өтті. Қазақстан, Өзбекстан және Қырғызстанның үздік багхантерлері осалдықтарды анықтауға және цифрлық жүйелердің қауіпсіздігін арттыруға қосқан үлесі үшін марапатталды.
«KazHackStan-2026 аясындағы тағы бір маңызды бағыт – практикалық киберқауіпсіздікке арналған CyberKumbez жарыстары және Қазақстан құрамасының Италияда өтетін Киберқауіпсіздік бойынша халықаралық ICO 2027 олимпиадасына қатысатын мектеп оқушыларын ұлттық іріктеу болды. Конференцияның екінші күні – Secure Development & Hack Day – киберқауіпсіздіктің практикалық қырына арналды. Қазақстандық және шетелдік сарапшылар техникалық баяндамалар жасап, кибершабуылдардың қалай жасалатынын және олардан қорғану жолдарын көрсетті. Сонымен қатар нақты осалдықтар мен киберинциденттер талданды. Киберқауіпсіздік айының тағы бір бастамасы – «Киберқауіпсіздік өзіңнен басталады!» атты бейнероликтер байқауы. Оған Қазақстанның әр өңірінен түрлі жастағы адамдар қатысты. Қатысушылар өз бейнероликтерінде цифрлық қатерлер, жеке деректерді қорғау және интернеттегі қауіпсіздік ережелері туралы айтып берді. Байқау қорытындысы KazHackStan-2026 алаңында шығарылып, жеңімпаздарды марапаттау рәсімі өтті», – делінген министрлік хабарламасында.
Киберқауіпсіздік айы аясында министрлік ақпараттық-түсіндіру жұмысына және азаматтарға арналған практикалық материалдар әзірлеуге ерекше көңіл бөлді. Ресми ақпараттық ресурстарда дербес деректерді, құпиясөздер мен есептік жазбаларды қорғау, цифрлық сервистерді қауіпсіз пайдалану және жиі кездесетін киберқауіптерді анықтау бойынша ұсынымдар тұрақты түрде жарияланып отырды.
Шетелге шығатын қазақстандықтарға да цифрлық қауіпсіздік бойынша арнайы жадынамалар әзірленді. Кейін бұл материалдар ақпараттық-түсіндіру жұмыстарында пайдалану үшін Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігіне жолданды.
Киберқауіпсіздік айы аяқталғанымен, цифрлық қауіпсіздік ережелері күн сайын маңызды болып қала береді. Мықты кибермәдениет тек заманауи технологиялар мен қорғаныс жүйелері арқылы қалыптаспайды. Ол әр адамның күнделікті әрекетінен басталады. Яғни өз деректеріне ұқыпты қарау, сенімді құпиясөздерді пайдалану, күмәнді сілтемелерге өтпеу және цифрлық ортада саналы әрекет ету маңызды.