Қазақстан ғылыми зерттеулерге жұмсалатын шығынды ЖІӨ-нің 1 пайызына дейін арттырады

Президент бірлескен ғылыми зерттеулерді, технологиялар трансферін және жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуді ұсынды

Қазақстан ғылыми зерттеулерге жұмсалатын шығынды ЖІӨ-нің 1 пайызына дейін арттырады
Фото: Ақорда

Қазақстан Германиямен ынтымақтастықтың екінші маңызды бағыты ретінде бірлескен ғылыми зерттеулерді атады. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Германияның жетекші жоғары оқу орындарының ректорларымен және ғылыми институттарының басшыларымен кездесуде мәлімдеді,еп хабарлайды Azattyq Rýhy Ақордаға сілтеме жасап.

«Еуропалық зерттеу кеңістігіне интеграциялануға ұмтылған Қазақстан Horizon Europe бағдарламасына қауымдастырылған қатысушы ретінде қосылу жөнінде келіссөздерді бастады. Еліміз жалпы бюджеті 300 миллион еуродан асатын Еуропалық шикізат материалдары жөніндегі әріптестіктің толыққанды қатысушысы болып отыр.

TiBeRIUM жобасы – осындай ынтымақтастықтың нақты мысалы. Биыл Horizon Europe бағдарламасының 7,5 миллион еуро көлеміндегі қаржылық қолдауымен іске қосылған және Фрайберг тау-кен академиясы үйлестіретін жоба Шығыс Қазақстан техникалық университеті мен Үлбі металлургиялық зауытын біріктіреді.

Жобаның мақсаты – титан мен бериллий өндірудің төмен көміртекті өндірістік тізбектерін әзірлеу. Біз университеттерді, ғылым мен өнеркәсіпті тоғыстыратын, жеткізу тізбектерін нығайтатын және шикізаттан қосылған құны жоғары өнімдер мен технологияларға көшуге мүмкіндік беретін осындай ынтымақтастықты кеңейтуіміз керек», – деді ол.

Мемлекет басшысының айтуынша, әріптестіктің үшінші бағыты – технологиялар трансфері. Қазақстан ғылыми зерттеулерге жұмсалатын шығынды жалпы ішкі өнімнің 1 пайызына дейін арттырып, сонымен қатар компанияларды университеттердегі ғылыми зерттеулерге инвестиция салуға ынталандырып отыр.

Осы орайда Қасым-Жомарт Тоқаев неміс кәсіпкерлерін бірлескен мекемелер жанынан инженерлік зертханалар мен технологиялар трансфері орталықтарын ашуға шақырды. Мемлекет басшысы мұндай бастамаларды бірлесіп қаржыландыру арқылы қолдауға дайын екенін жеткізді.

Президент ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік беретін жасанды интеллект саласына да ерекше назар аударды.

«AI-Sana бағдарламасы аясында 700 мыңнан астам студент жасанды интеллект бойынша сертификатталған дағдыларды меңгерді. Біз alem.cloud суперкомпьютер кластерін іске қостық, осы салаға маманданған зерттеу университетін аштық және өңірдегі жасанды интеллект туралы алғашқы заңдардың бірін қабылдадық. Бұл жұмыстардың барлығы озық суперкомпьютерлік технологиялармен толықтырылып отыр. Мұның бәрі Германияның ғылыми мекемелерімен және өнеркәсіп саласымен ынтымақтастық орнатуға жаңа мүмкіндіктер ашады. Технологияға бағдарланған жас ұрпағымыз неміс компаниялары мен зерттеушілері үшін сенімді серіктес бола алады. Ал Қазақстан қолданбалы цифрлық шешімдер мен Индустрия 4.0 технологияларын сынақтан өткізуге арналған алаң ұсына алады», – деп атап өтті ол.

Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ және неміс зияткерлік дәстүрлерінің тарихи байланысына да тоқталды. Ол ұлы қазақ ақыны әрі ойшылы Абай Құнанбайұлының Иоганн Вольфганг фон Гётенің «Жолаушының түнгі әні» өлеңін қазақ тіліне аударғанын еске салды.

Президенттің айтуынша, бұл аударма екі халық арасындағы алғашқы зияткерлік көпірлердің бірі болды.

Сөз соңында Мемлекет басшысы Германия мен Қазақстанның жетекші университеттері мен ғылыми институттарының басшыларын жаңа жобаларды жүзеге асыру үшін екі елдің әлеуетін біріктіруге шақырды.