Тоқаев: Қазақстан-Германия инвестициялық-өнеркәсіп бастамасын іске қосуға дайынбыз
Қазақстан мен Германия шикізат, энергетика, ауыл шаруашылығы, цифрландыру және кадр даярлау бағыттарындағы бірлескен жобаларды кеңейтуді көздейді
Мемлекет басшысы аса маңызды материалдар саласындағы ынтымақтастыққа тоқталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Ақордаға сілтеме жасап.
Қазақстанда Еуропалық одақ стратегиялық ресурс ретінде таныған 34 шикізат түрінің 21-і бар.
«Германияға сенімді және бір бағытқа тәуелді болмайтын шикізат жеткізу жолдары қажет. Ал Қазақстан қосылған құны жоғары өнім тізбегін қалыптастыру үшін инвестиция мен озық технологияға мүдделі. Осыған арқа сүйеп, мықты стратегиялық синергия жасауға болады. Геологиялық барлаудан және кен өндіруден бастап оны өңдеу және Қазақстанда жоғары технологиялық материалдар шығару сатыларын толық қамтитын ірі жобаларды айқындау ынтымақтастықтың келесі кезеңі болуға тиіс», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің пікірінше, ауыл шаруашылығындағы серіктестікті кеңейтуге айтарлықтай әлеует бар.
«2025 жылы ауыл шаруашылығы өнімдерінің алыс-берісі 23 пайызға ұлғайған, ал Қазақстаннан Германияға экспортталатын аграрлық өнімдер 38 пайызға артқан. Ендігі қадам – қосылған құны жоғары өнім шығарудың бүкіл тізбегі енетін ортақ жобаларды іске асыру. Яғни ғылыми негіздегі егін шаруашылығы мен су үнемдейтін өндірістен бастап, өнімді қайта өңдеу, сақтау және экспорт сатылары толық қамтылуға тиіс», – деді Мемлекет басшысы.
Бірлескен жұмыстың тағы бір маңызды бағыты – энергетика. Президенттің айтуынша, Қазақстан Еуропаға мұнай жеткізуші елдердің бірі ретінде энергетикалық қауіпсіздікке елеулі үлес қосып келеді.
«Siemens Energy компаниясымен ынтымақтастығымыз, соның ішінде KEGOC ұлттық электр желілерінің операторымен бірлесе атқарып жатқан жұмысы бұл бағытта айтарлықтай әлеует бар екенін көрсетеді. Біз аталған саладағы серіктестік аясын кеңейтіп, энергетика инфрақұрылымын жаңғырту бойынша бірлескен жобалар тізімін жасақтауды ұсынамыз. Егер аталған жобалар экономикалық тұрғыдан тиімді болса, кейбір құрал-жабдықтарды сырттан әкелмей, Қазақстанда өндірген жөн. Нақты инвестициялық жобаны іске асыру арқылы Орталық Азия елдері нарығына шығуға болады», – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда жасанды интеллектіні енгізу және цифрлық трансформация ұлттық басымдық ретінде айқындалғанына назар аударды Сондай-ақ елімізде «Деректерді өңдеу орталықтарының алқабын» құру қолға алынғанын айтты. Аталған жоба келешекте ірі есептеу қуаты бар хабқа айналады.
«Германия өнеркәсіпке арналған бағдарламалық қамтамасыз ету, автоматизация, киберқауіпсіздік, инженерия және қолданбалы зерттеулер салаларында мықты. Осы артықшылықтары біздің өршіл мақсатымызға сай келеді. Неміс компанияларын деректерді өңдеу инфрақұрылымын дамытуға атсалысып, қазақстандық серіктестермен бірге тау-кен, энергетика және логистика салаларына арналған жасанды интеллект шешімдерін әзірлеуге шақырамын», – деді Президент.
Мемлекет басшысы адам капиталын дамыту тақырыбын да қозғады. Қасым-Жомарт Тоқаев Германияның дуалды кәсіптік білім беру жүйесін жоғары бағалап, академиялық және кәсіби байланыстарды тереңдетуге негіз барын еске салды.
«Қазақстан-Германия өндірістік құзыреттер орталығының желісін құруды ұсынамыз. Оны озық жобаларды жүзеге асырумен тікелей байланыстыруға болады. Яғни әрбір ірі инвестициялық жоба кадр даярлайтын алаң болуға тиіс деген қарапайым қағидатқа сүйенген жөн. Сонда ғана капитал білімге, ал білім орнықты экономикалық өсімге ұласады», – деді Президент.