Қазақстан Ауғанстан мен Қытайға экспорттайтын астық көлемін көбейтті

Бұл туралы Үкімет отырысында көлік вице-министрі Жәнібек Тайжанов мәлімдеді

Қазақстан Ауғанстан мен Қытайға экспорттайтын астық көлемін көбейтті
Фотоколлаж: Әбілқасым Есентаев/Azattyq Ruhy

Қазақстанда астық тасымалының көлемі артты. Биыл жыл басынан бері теміржол арқылы 9,3 миллион тонна астық тасымалданған. Бұл туралы Үкімет отырысында көлік вице-министрі Жәнібек Тайжанов мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy. 

Оның айтуынша, биыл сегіз айда Қазақстанда теміржол арқылы 9,3 миллион тонна астық тасымалданған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 13 пайызға көп. Оның 7,2 миллион тоннасы экспортқа жөнелтілсе, 2,1 миллион тоннасы ел ішінде тасымалданған.

Экспорттық бағыттардың ішінде Қытайға астық тасымалының айтарлықтай артқаны байқалады. Вице-министрдің сөзінше, Орталық Азия елдеріне тасымал 37 пайызға, Қытайға 34 пайызға өскен. Ресей порттары арқылы тасымал көлемі де 9 пайызға артқан.

«Биыл 8 айда теміржол арқылы 9,3 миллион тонна астық тасымалданды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 13 пайызға көп. Негізгі бағыттар бойынша өсім бар. Орталық Азия елдеріне тасымал 37 пайызға, Қытайға 34 пайызға өсті», – деді Жәнібек Тайжанов.

Сонымен қатар Ауғанстанға астық тасымалы 4,4 есе өсіп, 655 мың тоннаға жеткен. Өңделген өнім тасымалында да өсім бар: қоспа жем тасымалы 38 пайызға артып, 2,6 миллион тоннаны құрады. Министрлік жаңа астықты тасымалдауға қажетті вагондар мен локомотивтер жеткілікті екенін мәлімдеді. Қазір елде 16,9 мың астық вагоны, 17,8 мың жабық вагон және 2 мыңнан астам локомотив бар.

Көлік министрлігінің мәліметінше, негізгі экспорттық бағыттардағы теміржол инфрақұрылымының өткізу мүмкіндігі де артқан. Қытай бағытында тәулігіне 75 пойызға дейін өткізуге мүмкіндік бар. Өзбекстан бағытында бұл көрсеткіш 60 пойызға дейін жетсе, Ресеймен келіссөздер нәтижесінде тәулігіне 100 пойыз өткізуге жағдай жасалған.

«Осылайша, негізгі экспорттық бағыттарда астық тасымалын одан әрі арттыруға жағдайлар жасалған. Тасымалды тұрақты бақылау үшін Министрлікте жедел штаб жұмыс істейді», – деді вице-министр.