Қазақстанның оңтүстігінде құрғақшылықтың ең ұзақ кезеңдері тіркелді – министр

Үкіметте егін жинау науқанының барысы талқыланды 

Қазақстанның оңтүстігінде құрғақшылықтың ең ұзақ кезеңдері тіркелді – министр
Фото: Үкімет баспасөзі

Қазақстанның бірқатар астық егетін өңірлерінде биылғы вегетациялық кезең күрделі өтті. Әсіресе елдің оңтүстігі, оңтүстік-шығысы және оңтүстік-батысында құрғақшылық ұзаққа созылған. Бұл туралы Үкімет отырысында Экология және табиғи ресурстар министрі Әлібек Қуантыров мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy. 

Министрдің айтуынша, биыл республиканың басым бөлігінде құрғақшылық әртүрлі уақытқа созылған.

«2026 жылы вегетациялық кезең елдің солтүстігінен басқа бірқатар астық егетін өңірлер үшін күрделі жағдайда өтті. Республиканың басым бөлігінде әртүрлі қарқындылық пен ұзақтықтағы құрғақшылық байқалды. Құрғақшылықтың ең ұзақ кезеңдері елдің оңтүстігінде, оңтүстік-шығысында және оңтүстік-батысында – Түркістан, Жамбыл, Қызылорда, Абай және Жетісу облыстарында тіркелді», – деді Әлібек Қуантыров.

Министр сонымен қатар көптеген өңір үшін құрғақшылық климаттық норма болып саналатынын атап өтті.

Оның айтуынша, алдағы кезеңдегі ауа райы болжамдары егін жинау және ауыл шаруашылығы жұмыстары үшін ескеріліп отыр. Қазгидромет қысқа мерзімді болжамдарды аптасына екі рет Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Үкімет аппаратына ұсынып отырады.