Қызылордада «Шымкент сазы» концерттік бағдарламасы өтті

Кештің ерекше тартуы ретінде Шәмші әндерінен құралған интерактивті караоке-блок ұйымдастырылды

Қызылордада «Шымкент сазы» концерттік бағдарламасы өтті
Фото: Шымкент қаласының әкімдігі

Қызылорда қаласының «Өнер орталығында» «Шымкент концерт» концерттік ұйымы өнерпаздарының қатысуымен «Шымкент сазы» атты концерттік бағдарламасы өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Кеш барысында Қазақ ұлт-аспаптар оркестрінің орындауында Шәмші Қалдаяқов әндеріне жазылған увертюра, Сүгірдің «Ыңғайтөк», Серік Әбдінұровтың «Ордабасы» және Төлеген Момбековтің «Салтанат» күйлері асқақтай шырқалды. Сонымен қатар, дәстүрлі өнер мен эстрада бағытында «Дәстүрлі әндер шеруі», Сүгірдің термесі, Агустин Лараның «Гранада» туындысы, сондай-ақ заманауи және халықтық әндер көрермен назарына ұсынылды.

Кештің ерекше тартуы ретінде Шәмші әндерінен құралған интерактивті караоке-блок ұйымдастырылып, жиналған көрермен өнерпаздармен бірге шарықтата ән шырқады.

Сондай-ақ кеш барысында елімізге танымал «Қазына» халық би ансамблі Арам Хачатурянның «Вальс», «Besame Mucho», «Самғау» сынды би композицияларын шебер орындап көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.

Айта кетейік, «Шымкент концерт» концерттік ұйымы – өңірдің рухани әлеуетін көтеріп, ұлттық өнерді насихаттау мақсатында құрылған маңызды мәдени ошақ. Ұжым құрамында тәжірибелі эстрада, дәстүрлі ән және музыка өнерінің майталмандары, сондай-ақ Қазақ ұлт-аспаптар оркестрі табысты еңбек етуде. Өнерпаздар қазақ музыкасының жауһарларын жаңғыртып қана қоймай, республика көлемінде және өзге өңірлерде ауқымды гастрольдік сапарлар ұйымдастырып келеді. Олардың қатысуымен өтетін концерттер мен шығармашылық кештер көрерменнің эстетикалық талғамын биіктетіп, жас буынды төл мәдениетке баулуға айтарлықтай үлес қосуда. Соның жарқын көрінісі – ұжымның «Шымкент сазы» атты ауқымды концерттік бағдарламасы. Бұл жоба өңірлер арасындағы мәдени байланысты нығайтып, ұлттық өнерімізді дәріптеуде ерекше орын алады. Кештерде халық әндері мен күйлері жаңаша сипатта орындалып, тыңдармандарға ерекше рухани әсер сыйлайды