ІІМ ұйымдасқан қылмыстық топтарға қарсы күресті күшейтті: 45 қылмыстық іс сотқа жолданды
Сот шешімдері мен ашылған қылмыстар бойынша бірқатар дерек белгілі болды
Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі ұйымдасқан қылмыстық топтардың (ҰҚТ) құрамында жасалған қылмыстар үшін жазаның бұлтартпастығы қағидатын қамтамасыз ету бағытында жүйелі шараларды жүзеге асыруда. Жүргізілген жедел-тергеу жұмыстарының нәтижесінде жыл басынан бері ҰҚТ мүшелеріне қатысты 45 қылмыстық іс аяқталып, сотқа жолданды. Өңірлерде ірі қылмыстық топтарға қатысты қатаң сот үкімдері шықты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Сот шешімдері мен ашылған қылмыстар бойынша бірқатар дерек белгілі болды. Қарағанды облысында тау-кен байыту кәсіпорындарынан мүлік ұрлаған қылмыстық қоғамдастықтың ұйымдастырушысы мен 10 қатысушысы 13 жылға дейін бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ ірі қала құраушы кәсіпорыннан алаяқтық схемалар арқылы ұрлық жасаған ҰҚТ басшысы мен төрт мүшесі 10 жылға дейінгі мерзімге сотталды.
Алматыда автокөліктерді заңсыз тіркеу, VIN-кодтарды бұрмалау және алаяқтықпен айналысқан топтың 13 мүшесі 8 жылға дейін бас бостандығынан айырылды. Астанада есірткі заттарын заңсыз айналымға енгізген ҰҚТ ұйымдастырушысы 17 жылға, оның бес сыбайласы 16 жылға дейін бас бостандығынан айырылды. Ал Қызылордада кәсіпкерлерден жүйелі түрде ақша бопсалаған жергілікті қылмыстық ортаның сегіз өкілі ҰҚТ ұйымдастырғаны және оған қатысқаны үшін 11 жылға дейінгі мерзімге сотталды.
ІІМ өкілдерінің хабарлауынша, ұйымдасқан қылмыстық топтардың жолын кесу және әрбір қатысушының жауапкершілігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар үздіксіз бақылауда болады.