Өзбекстанның жылу электр станциясындағы апат Қазақстанның энергожүйесіне әсер етті

Оқиға Сырдария облысындағы жаңа жылу электр станциясында болған

Өзбекстанның жылу электр станциясындағы апат Қазақстанның энергожүйесіне әсер етті
Фотоколлаж: Azattyq Rýhy/Әбілқасым Есентаев

Өзбекстанның энергожүйесінде апатты жағдайға байланысты электр энергиясын өндіру көлемі азайып, Қазақстанда 962 МВт қуат көлеміндегі тұтынушылардың электр энергиясын пайдалануына уақытша шектеу енгізілді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Қазақстан электр желілерін басқару жөніндегі компания» АҚ (Kazakhstan Electricity Grid Operating Company, KEGOC) баспасөз қызметінің хабарлауынша, 25 қыркүйекте сағат 05:02-де Өзбекстанның энергожүйесінде 1516 МВт генерацияның апатты жағдайына байланысты Орталық Азия энергожүйесі тарапынан қуат ағыны пайда болып, соның салдарынан Солтүстік-Оңтүстік транзиті бөлінді. Қазақстан энергожүйесінде тұтынушыларды шектеу көлемі 962 МВт болды. Апатқа қарсы автоматика штаттық режимде жұмыс істеді», – делінген хабарламада.

Сағат 05:43-те Қазақстан БЭЖ-нің Оңтүстік аймағы мен Орталық Азия БЭЖ-дің Қазақстан БЭЖ-бен қатарлас жұмысы қалпына келтірілді. Осыдан кейін тұтынушыларға қойылған шектеулерді алып тастау жөнінде команда берілді.

Өзбекстан Энергетика министрлігінің мәліметінше, бүгін елдің энергожүйесінде 1600 МВт қуат апатты жағдайда ажыратылған. Ведомствоның хабарлауынша, оқиға Сырдария облысындағы EDF компаниясына тиесілі жаңа жылу электр станциясында болған.