Түркістанда 200-ге жуық шебердің басын қосатын халықаралық жәрмеңке өтеді

Жәрмеңке 26-28 қыркүйек аралығында болады

Түркістанда 200-ге жуық шебердің басын қосатын халықаралық жәрмеңке өтеді
Фото: gov.kz

26-28 қыркүйек аралығында Түркістан қаласында Turkistan Brand Craft Fair 2026 халықаралық қолөнершілер және экологиялық өнімдер жәрмеңкесі өтеді. Іс-шараға Қазақстанның барлық өңірлерінен және шетелден 200-ге жуық шебер қатысады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy

Жәрмеңкеде керамика, ағаш, былғары, металл, киіз және тоқыма бұйымдары, ұлттық және дизайнерлік киімдер, зергерлік өнімдер, авторлық кәдесыйлар мен табиғи әрі экологиялық тауарлар ұсынылады.

Түркістан облысы әкімдігі хабарлағандай, Turkistan Brand бастамасының мақсаты – қолөнер бұйымдарын тек сақтап қана қоймай, оларды заманауи дизайн, маркетинг және цифрлық ілгерілету арқылы бәсекеге қабілетті өнімдер мен брендтерге айналдыру.

Жәрмеңке классикалық көрмеден өзгеше форматта өтеді. Шеберлер өз өнімдерін таныстырып қана қоймай, оларды тікелей сатып, жаңа тұтынушылар мен іскерлік серіктестер табуға мүмкіндік алады.

Биылғы жәрмеңкенің ерекшеліктерінің бірі – «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, республикалық «Бір ауыл – бір өнім» жобасының финалистерін Түркістанға шақыруы. Осылайша ауылдық жерлердегі өндірушілер өз тауарларын туристерге, бизнес өкілдеріне және кең аудиторияға ұсына алады.

Сонымен қатар, 26 қыркүйекте жәрмеңке аясында Business Tourism Trend Forum өтеді. Форумға өндірушілер, туроператорлар, кәсіпкерлер, сатып алушылар мен дистрибьюторлар қатысып, жаңа өткізу арналары мен B2B серіктестік бағыттарын талқылайды.

Ұйымдастырушылардың негізгі мақсаты – шебердің өнімін брендке айналдырып, оны ішкі нарықта сатумен қатар, экспортқа шығаруға жағдай жасау.