«Баяғы жартас – сол жартас болып қалмауы керек»: президент қағазбастылықтан арылуға шақырды

Ол формализм мен науқаншылдықтан алшақ болғанымыз жөн екенін айрықша қозғап өтті

«Баяғы жартас – сол жартас болып қалмауы керек»: президент қағазбастылықтан арылуға шақырды
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Конституция Қазақстанның ұлттық идеологиясына қатысты ұзақ жылдар бойы жүрген талқылауларға нүкте қойғанын айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Осыған дейін еліміздің ұлттық идеологиясына қатысты көптеген талқылау болғанын білесіздер. 1 шілдеде заңды күшіне енген Конституциямыз осы мәселенің нүктесін біржола қойды деп айтсақ, орынды болар. Конституцияда еліміздің өткені, бүгіні және келешектегі бейнесі айқын көрініс тапты. Конституция преамбуласында байырғы қазақ жерінде мемлекеттілігімізді нығайтып, Ұлы даланың мыңдаған жылдық тарихының сабақтастығын сақтауға баса мән беретініміз нақты жазылды. Бұл – төл тарихымызға тағзым ету, бабалар аманатына адал болу деген сөз», – дейді президент.

Сонымен қатар Негізгі заңда адам құқықтары мен бостандығын қорғау, заң мен тәртіпті орнықтыру, бірлік пен ынтымақты сақтау, халықтың әл-ауқатын арттыру, білім мен ғылымды, инновацияны дамыту мемлекеттің мызғымас міндеті ретінде айқындалды.

«Біртұтас ұлт ретінде өскелең ұрпақ алдындағы аса жоғары жауапкершілікті сезіне отырып, осы Конституцияны қабылдадық. Сол арқылы болашағы жарқын, бағдары айқын Әділетті, Озық әрі Күшті Қазақстанның берік негізін қаладық. Азаматтарымыз Конституцияның ережелерін жақсы біліп, күнделікті өмірде қолданған сайын оның күші де, қуаты да арта түседі. Сол себепті мен Конституция әр адамның қолында жүретін, жұмыс үстелінде тұратын, жеке кітапханасынан орын алатын құжат болуға тиіс деп есептеймін. Біз Конституцияда бекітілген қағидаттар мен құндылықтарды бүкіл ел болып дәріптеуіміз керек», – дейді мемлекет басшысы.

Ойын жалғай отырып, формализм мен науқаншылдықтан алшақ болғанымыз жөн екенін айрықша қозғап өтті

«Әйтпесе, осы аса маңызды жұмысты құртып, халқымыздың алдында ұятқа қаламыз. Баяғы жартас – сол жартас болып, қағазбастылық көзқарасынан құтыла алмасақ, еш ілгерілеу болмайды. Бұл жұмысты шын жүрегімізбен, ақ ниетімізбен атқармасақ, қажетті нәтижеге жету өте қиын болады», – дейді Қасым-Жомарт Тоқаев.