Алматыда жыл басынан бері 600-ден аса егіз, алты үшем өмірге келді
Үшемнің бәрі – ұл балалар
Алматыда жыл басынан бері 603 егіз және алты үшем өмірге келді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, жақында 27 жастағы әйел бірден үш ұлдың анасы атанды.
Үшемнің бәрі – ұл балалар. Олар қалалық №2 перинаталдық орталықта дүниеге келген. Босану кесарь тілігі арқылы өткен. Ұлдардың салмағы 1740-тан 1978 грамға дейін, ал бойы 34-тен 37 сантиметрге дейін болған. Ата-анасы сәбилерге Омар, Мирас және Мүслім деген есім берген.
Қалалық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, сәбилердің бірі дүниеге келгеннен кейін алғашқы күндері қарқынды респираторлық қолдауды қажет етіп, екі күн бойы өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған. Қазір үшеуіне де СИПАП-терапиясы жүргізіліп жатыр, олардың жағдайы динамикада бағалануда. Дәрігерлер жағдайларының жақсарғанын атап өтті.
Анасы ұлдары дүниеге келгеннен кейінгі алғашқы минуттары жайлы сыр шертті.
«Сәбилерімді алғаш көргенде қатты уайымдап, жылап жібердім, өйткені олар маған өте кішкентай әрі әлсіз болып көрінді. Бірақ орталық қызметкерлері мені қатты қолдап, оның ішінде психологиялық тұрғыдан да көмек көрсетті. Дәрігерлерге және медицина қызметкерлеріне қамқорлығы, көңіл бөлуі мен қолдауы үшін шын жүрегіммен алғыс айтқым келеді», – деді ол.
Сәбилер қалалық №2 перинаталдық орталық мамандарының тұрақты бақылауында.