«Рахат» шоколадынан қонақ үйге дейін: Lotte Group Қазақстанда бизнесін кеңейтпек
Тоқаев Алматыда Lotte брендімен салынатын алғашқы қонақ үй құрылысына қатысты келісімді құптады
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Lotte Group компаниясының басқарма төрағасы Дон Бин Шинді қабылдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ақорданың мәліметінше, Қасым-Жомарт Тоқаев Lotte компаниясы екі елдің экономикалық ықпалдастығын нығайтуға елеулі үлес қосқан сенімді серіктес екенін атап өтті.
Президент кореялық компанияның еліміздің тамақ өнеркәсібіндегі қызметін жоғары бағалап, «Рахат» брендін ілгерілетуге, сондай-ақ Алматы және Шымкент қалаларындағы өндірістік алаңдарды жаңғыртуға қатысты табысты жобаларына назар аударды.
«Бұдан бөлек, мемлекет басшысы көлік-логистика инфрақұрылымын жандандырып, өңірлік және халықаралық нарықтарға шығу мүмкіндігін арттыру жөніндегі Lotte Global Logistics жоспарына тоқталды. Кездесу барысында қонақ үй бизнесін дамыту мәселесі қарастырылды. Мемлекет басшысы Алматыда Lotte брендімен салынатын алғашқы қонақ үй құрылысына қатысты келісімді құптап, компанияның Қазақстандағы қызмет аясын кеңейту тұрғысынан бұл бастаманың келешегі зор екенін айтты», – делінген хабарламада.
Дон Бин Шин компанияның тамақ өнеркәсібі, логистика қызметі және қонақ үй бизнесі салаларына инвестиция құю жоспарын растады. Сонымен қатар ол Alatau City жобасын дамытуға, соның ішінде Iconic Complex кешенінің құрылысына қатысуға ниетті екенін жеткізді.
Кездесу соңында Hotel Lottе Co. Ltd және Sensata Invest компаниялары Алматы мен Алатау қалаларында Lotte отелдерін салу бойынша өзара түсіністік туралы меморандум алмасты.