ҰҚШҰ әскері Қазақстанға келді: Қорғаныс министрлігі ресми мәлімдеме жасады
Бірнеше елдің әскері Жетісу облысында оқу-жаттығу өткізеді
Жетісу облысына ҰҚШҰ әскері келді. Қорғаныс министрлігі осыған байланысты ресми мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Белгілі болғандай, Жетісу облысындағы «Көктал» оқу-жаттығу полигонында Қазақстан, Қырғызстан, Ресей және Тәжікстан әскери қызметшілері бірлескен оқу-жаттығу өткізеді.
«Оқу-жаттығу жыл сайын өткізіледі және Ұжымдық жедел өрістету күштерінің өзара іс-қимыл деңгейі мен бірлескен міндеттерді орындауға әзірлігін арттыруға бағытталған. Ол 13-18 қыркүйек аралығында ҚР Қарулы күштері Десанттық-шабуылдау әскерлерінің қолбасшысы полковник Мақсұт Гусейновтің басшылығымен өтіп жатыр. Оған 1500-ге жуық әскери қызметші және 300-ден астам қару-жарақ, әскери және арнайы техника, оның ішінде 115 ұшқышсыз ұшу аппараты тартылған», – делінген хабарламада.
Практикалық іс-қимылдар таулы-шөлейт жерлердің ерекшеліктерін ескере отырып жүргізіледі.