Алматы тұрғындары коммуналдық мәселелерге байланысты наразылыққа шықты (ВИДЕО)
Тұрғындардың айтуынша, олар бірнеше күннен бері ыстық сусыз отыр
11 қыркүйек күні Алматы қаласының Алатау ауданында, Саин көшесінің бойында орналасқан «София» тұрғын үй кешенінің тұрғындары наразылыққа шықты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Тұрғындардың айтуынша, олар бірнеше күннен бері ыстық сусыз отыр. Алайда бұл мәселе кеше басталмаған: коммуналдық қызметтердің жиі өшуі соңғы бірнеше ай бойы созылып келеді. Үй иелері түбіртектерді уақытылы төлеп отырғанына қарамастан, шектеулерге тап болатындарын айтып шағымданды. Ыстық судан бөлек, мұнда жарық, жылу және суық су беруде де жиі іркілістер болып тұрады.
Тұрғындардың бір бөлігі бұл жағдайды МҮБ ұйымының электр энергиясы үшін жиналып қалған қарыздарымен байланыстырады. Олардың пайымдауынша, қарыз салдарынан қазандық электр желісінен ажыратылған болуы мүмкін.
Ашуға бұлыққан халық мәселеге билік өкілдерінің назарын аударту мақсатында көлік жүретін жолға шығып, қозғалысты бөгеп тастады. Желіде тараған кадрлардан оқиға орнында жиналған үлкен тобыр мен полиция қызметкерлерін көруге болады.
Жұртшылық коммуналдық инфрақұрылым мәселесін түпкілікті шешуді және инженерлік желілерге түсіп жатқан шамадан тыс жүктемені реттеуді талап етті.