Арман Қырықбаев ел тұрғындарын Қазақ киносы күнімен құттықтады
ҚР Мәдениет және ақпарат министрі кино саласының мамандары мен барша көрерменді Қазақ киносы күнімен құттықтады
ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаев кино саласының мамандары мен барша көрерменді Қазақ киносы күнімен құттықтады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Атап айтқанда, ол кино өнерін қолдау ұлттық болмысты нығайту мен шығармашылық индустрияны өркендетудің маңызды бөлігі екенін атап өтті
Министр Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша саланы қолдау тетіктері жетілдіріліп жатқанын жеткізді. Оның ішінде Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» ұлттық киностудиясын тікелей мемлекеттік қолдау қайта қолға алынып, алдағы уақытта оны Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығымен біріктіру жоспарланып отыр.
Сондай-ақ ведомство басшысы саладағы басты көрсеткіштер мен өзгерістерді атап өтті. Салада отандық кино өндірісі жыл сайын өсіп келеді: мәселен, 2024 жылы 94 фильм түсірілсе, 2025 жылы отандық прокатқа 103 туынды шыққан. Оған қоса, қазақ киносының алтын қорындағы туындыларды цифрландыру мен қалпына келтіру жұмыстары белсенді түрде жүргізілуде. Сонымен қатар былтыр көрнекті режиссер Абдолла Қарсақбаевтың 100 жылдығы ЮНЕСКО-ның атаулы күндер күнтізбесіне енгізіліп, халықаралық деңгейде атап өтілді.
«Министрліктің міндеті – қолға алынған өзгерістердің нәтижелілігін қамтамасыз ету, саланың өндірістік және шығармашылық негізін нығайту, жеке кинокомпаниялардың мүмкіндігін кеңейту және көркемдік деңгейі жоғары, мазмұны терең фильмдердің жарыққа шығуына жағдай жасау», — деп түйіндеді Арман Қырықбаев.