Алматыда интернет-казино ұйымдастырған бір топ адам шетелден дропперлер тауып, 110 млн теңге аударған
Олар тапқан дропперлерін Қазақстанға әкеліп, ЖСН рәсімдету үшін ХҚО-ға ертіп барған
Алматыда заңсыз интернет-казинолар ұйымдастырып, сол арқылы 110 млн теңге тапқан бір топ адам ұсталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, күдіктілер «Olymp Casino», «Rukh Poker» және «7Kcasino» интернет-казиноларының төлем жүйесін ұйымдастырған. Оның ішінде «Rocket.do» онлайн-платформасы арқылы ойыншылардан ақша қабылдап, оны өңдеу ісі бір жолға қойылған.
Күмәнді іске араласқандардың бірі – шетел азаматы. Ол 200 АҚШ долларына дейін сыйақы алып, өз банк шоттарын пайдалануға беруге келісетін адамдарды іздеген.
Тапқан дропперлерін Қазақстанға әкеліп, ЖСН рәсімдету үшін ХҚО-ға ертіп барған. Одан кейін банк бөлімшелеріне апарып, шот аштырған.
«Нәтижесінде күдікті 15 шетел азаматының банк шоттарына қол жеткізген, сондай-ақ өз шотын да пайдалануға берген. Ойыншылардан 16 дроппердің шотына түскен қаражаттың жалпы көлемі 110 млн теңгеден асты. Күдіктілердің бірі қамауға алынды, тағы үшеуіне ешқайда кетпеу және тиісті мінез-құлық туралы қолхат түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды. Қылмыстық іс сотқа жолданды. Өзге ақпарат ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес жария етілмейді», – делінген хабарламада.