Қызылордада мұнай өңдеу кәсіпорны алапат өртке оранды (ВИДЕО)

От 120 тонна мұнай өнімі бар екі резервуарды шарпыған

Қызылордада мұнай өңдеу кәсіпорны алапат өртке оранды (ВИДЕО)
Фото: istockphoto.com; видеодан скрин

Қызылордада мұнай өңдеу кәсіпорнының аумағында ірі өрт шықты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy агенттігі қалалық ТЖД-ға сілтеме жасап.

Ведомствоның мәліметінше, өрт Шоқай көшесінде орналасқан кәсіпорында болған. Қызыл жалын 120 тонна мұнай өнімі бар екі резервуарды шарпыған. Дер кезінде тоқтатпағанда тағы үш резервуарға таралуы мүмкін еді.

Өрт шыққан әр резервуардың сыйымдылығы 60 тоннаға шақталған. Алғашқы өрт сөндіру тобы оқиға орнына жеткен кезде екі резервуарды да от шарпыған. Олардың жанында өрт тарауы мүмкін тағы үш резервуар болған.

Өртті сөндіруге Төтенше жағдайлар министрлігінің бөлімшелері, қалалық қызметтер мен өрт сөндіру пойызы жұмылдырылды. Оқиға орнында жедел штаб құрылып, көршілес резервуарларды лафеттік оқпандардың көмегімен салқындату жұмысы жүргізілді. Жалынды тоқтату үшін көбік қолданылды.

«Өрт сөндірушілердің жедел әрі үйлесімді әрекетінің арқасында жалынның таралуына жол берілмей, көршілес орналасқан үш резервуар сақталды», – деп хабарлады Төтенше жағдайлар департаменті.

Өрт 200 шаршы метр аумақта толық сөндірілді.