Алматыда қаңтар оқиғасы кезінде ұрланған қару-жарақ Шымкент пен Петропавлдан табылды
Қазақстанда заңсыз сақталған қару-жарақ жасырылған орындар анықталып жатыр
Алматыда қаңтар оқиғасы кезінде ұрланған қару-жарақ Шымкент пен Петропавл қалаларынан табылды. Ішкі істер және ұлттық қауіпсіздік органдары заңсыз сақталған қару-жарақ пен оқ-дәрілерді, сондай-ақ жасырылған орындарды анықтау жұмысын жүргізіп жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
ІІМ Шымкент қаласының Тұран ауданында автомобиль жолының жанындағы арықтан қару-жарақ жасырылған орын белгілі болды. Ол жерден үш аңшы мылтығы, шолақ мылтық және тапанша табылды. Аңшылық мылтықтардың бірі 2022 жылғы қаңтар оқиғасы кезінде Алматыдағы қару-жарақ дүкенінен ұрланғаны анықталды.
Шамамен осы уақытта Петропавл қаласындағы ашық аумақтан аңшылық мылтық, нөмірлері өшірілген екі шолақ мылтық, оқ өтпейтін кеудеше және 27 оқ-дәрі табылды.
«ІІМ заңсыз сақталған қаруды өз еркімен тапсырған азаматтар қылмыстық және әкімшілік жауапкершілікке ілінбейтінін еске салды. Сонымен қатар 20 сәуірден бастап жыл соңына дейін халықтан заңсыз сақталған атыс қаруын, оқ-дәрілер мен жарылғыш заттарды сатып алу акциясы өткізіліп жатыр. Бүгінге дейін азаматтар шамамен 900 қару мен 6 мыңға жуық оқ-дәріні тапсырған», – делінген ведомство хабарламасында.