Айбек Дәдебай: Құрылтай жаңа заманның сын-қатерлеріне лайықты жауап ұсынатын мінберге айналуы тиіс

Автор: Асыл Арман

Айбек Дәдебай Құрылтайдың алдағы жұмыс бағыты туралы айтты

Фото: Тікелей эфирден скрин

Құрылтай спикері болып сайланған Айбек Дәдебай өзіне артылған сенімнің үлкен мәртебе әрі тарихи жауапкершілік екенін айтты. Ол жаңа Конституцияның құндылықтарына сүйене отырып, заң мен тәртіп орныққан әділетті Қазақстанды құру жолындағы жұмысты жалғастырудың маңызын атап өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Ең алдымен маған зор сенім артып, кандидатурамды ұсынған мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа шанайы алғысымды білдіремін. Құрылтайдың барша депутаттарына да қолдағаны үшін рақмет айтамын. Бұл – мен үшін үлкен мәртебе әрі тарихи жауапкершілік. Президентіміз алдағы жұмыс бағытымызды және нақты міндеттерді айқындап берді. Елімізде жүзеге асып жатқан реформалар мен ауқымы бізден байыпты шешімдер мен кәсіпқойлықты және қажырлы еңбекті талап етеді», – дейді ол.

Сөзін жалғай отырып, әр заңның, әр шешімнің артында нақты мақсат тұрғанын, ол – еліміздің одан әрі дамуын қамтамасыз ету, мемлекеттігімізді нығайтып, азаматтарымыздың әл-ауқатын арттыру екенін айрықша атап өтті.

«Бұл жұмыстың негізінде халқымыз жаппай қолдаған жаңа Конституцияның құндылықтары мен қағидаттары жатуы тиіс. Басты міндет – оң өзгерістер нәтижесі халықтың күнделікті өмірінен көрініс табатын заң мен тәртіп орныққан әділетті Қазақстанды бірге құру ісін жалғастыру. Бұл ретте Құрылтайға артылар жүк пен жауапкершілік өте салмақты. Біз халықтың жоғары сенім мандатына ие болдық. Сол сенім жұмысымыздың басты бағдарына және оның нәтижесінің негізгі өлшеміне айналуы тиіс. Құрылтай еліміздің одан әрі жаңғыруына тың серпін беретін конструктивті қоғамдық диалогқа жол ашып, жаңа заманның сын-қатерлеріне лайықты жауап ұсынатын мінберге айналуы тиіс. Осы тұрғыда біз жұдырықтай жұмылып, алда тұрған міндеттерді абыроймен атқаруға бар күш-жігерімізді салуға тиіспіз. Алда қыруар жұмыс бізді күтіп тұр. Осы жауапты жолды бірге еңсереміз деп кәміл сенемін. Артылған сенім үшін тағы да рақмет айтамын», – дейді Айбек Дәдебай.

Айта кетейік, осыған дейін «Әділет» партиясының төрағасы Айбек Дәдебай Құрылтай спикері болып сайланғаны хабарланған.