«Әйгілі Кайл Уокердің өзі келіп, қолдау көрсетеді»: Дастан Сәтбаев жаңа командасы жайлы айтты

Ол жуырда ғана «Челсиден» «Бёрнлиге» жалға берілген

«Әйгілі Кайл Уокердің өзі келіп, қолдау көрсетеді»: Дастан Сәтбаев жаңа командасы жайлы айтты
Фото: Instagram/burnleyofficial

Қазақстанд ұлттық құрамасының шабуылшысы Дастан Сәтбаев «Бёрнлидегі» бейімделу барысы туралы айтып, «Брэдфорд Ситиге» қарсы матчтан алған әсерімен бөлісті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Футболшы бұл туралы блогер Әлімжан Тасболатұлына арнайы берген пікірінде айтты.

Жуырда ғана «Челсиден» «Бёрнлиге» жалға берілген 18 жастағы футболшы команда құрамында алғаш рет негізгі құрамда алаңға шықты.

«Жалпы, команда мені жақсы қабылдады, жігіттердің бәрі көңілді. Не керек, не керек емес екенін сұрап тұрады. Әрдайым қолдау көрсетеді. Мысалы, бәрі білетін әйгілі Кайл Уокердің өзі қасыма келіп, қолдау білдіреді. Бүгінгі ойынға келер болсақ, меніңше, біз бәрін негізгі уақытта шешуіміз керек еді. Мүмкіндіктер өте көп болды, тек өзіміз оларды пайдалана алмадық. Ал пенальти – бұл енді лотерея. Сондықтан әрі қарай дайындала береміз. Алдымен бірінші ойында жеңу керек, одан кейін келесісін. Сөйтіп, бәрі өз орнына келеді. Жаттықтырушымыз бұл команданы жеңуіміз керек болғанын айтты, өйткені олар бізден деңгейі төмен лигада ойнайды. Бірақ болар іс болды. Әрі қарай ұмтыламыз», – деді Сәтбаев.

Айта кетейік, «Бёрнли» футболшылары Англия лигасы кубогы аясында сырт алаңда «Брэдфорд Ситиге» есе жіберіп, турнирден шет қалды. Қазақстан құрамасының шабуылшысы Дастан Сәтпаев «Бёрнлидің» негізгі құрамында алғаш рет алаңға шықты. Ол 80 минут ойнап, осы уақыт аралығында қақпаға екі рет соққы жасаған.