Билік жүйесі мен қоғамдық институттарды ауқымды жаңғырту жұмысы жүріп жатыр – Тоқаев

Сонымен қатар Президент Құрылтай сайлауына шетелдік байқаушылардың қызығушылығы жоғары болғанын айтты

Билік жүйесі мен қоғамдық институттарды ауқымды жаңғырту жұмысы жүріп жатыр – Тоқаев
Фото: Акорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда бүкіл билік жүйесі мен қоғамдық институттарды ауқымды жаңғырту жұмысы жүріп жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Мемлекет басшысы алғашқы Құрылтай сайлауы жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтті. Оның айтуынша, сайлау үдерісінде Орталық сайлау комиссиясы маңызды рөл атқарып, жасанды интеллект секілді жаңа технологиялар енгізілген.

«Қазір бүкіл билік жүйесін және қоғамдық институттарды ауқымды жаңғырту жұмысы жүріп жатыр. Осыдан бірнеше күн бұрын алғашқы Құрылтай сайлауы өтті. Ал кеше оның нәтижелері шықты. Бұл өте маңызды саяси науқан, саяси іс-шара деп те айтуға болады, шын мәнінде, бұрын-соңды болмаған жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Осы істе Орталық сайлау комиссиясы үлкен рөл атқарды. Сайлау үдерісіне дұрыс шешімдер, соның ішінде жасанды интеллект технологиясы енгізілуде. Мұндай әдіс-тәсілдер науқанның сапасын арттыра түсті», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар президент Құрылтай сайлауына шетелдік байқаушылардың қызығушылығы жоғары болғанын айтты. Оның сөзінше, халықаралық қауымдастық сайлау нәтижелерін мойындап, науқанның ұлттық заңнама мен барлық талаптарға сәйкес өткенін атап өткен.

«Сондай-ақ сайлауға шетелдік байқаушылар тарапынан да қызығушылық жоғары болды. Халықаралық қауымдастық сайлау нәтижесін мойындады, оның ұлттық заңнамаға және барлық талаптарға сай өткенін атап өтті. Мен бүгін Конституцияның 46-бабына сәйкес бірінші шақырылымдағы Құрылтайдың бірінші сессиясын шақыру туралы Жарлыққа қол қойдым. Алқалы жиын 28 тамыз күні болады. Оған дейін Құрылтайға өткен партиялар депутаттардың тізімін әзірлеуге тиіс», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.