Алматы облысында жас жұбайлар үйлену тойы күні Құрылтай сайлауында дауыс берді

Ерекше киінген жас жұбайлар сайлау учаскесіндегі тұрғындардың назарын бірден аударды

Алматы облысында жас жұбайлар үйлену тойы күні Құрылтай сайлауында дауыс берді
Фото: Видеодан скрин

Алматы облысында Базарбек Нұрбек пен Әсия Дәуренбекқызы Құрылтай депутаттарының сайлауында дауыс берді. Үйлену тойы өтетін күні жас жұбайлар Іле ауданы Өтеген батыр ауылындағы №1062 сайлау учаскесіне арнайы ат басын бұрды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Қалыңдық ақ көйлекпен, ал күйеу жігіт классикалық костюммен келді. Ерекше киінген жас жұбайлар сайлау учаскесіндегі тұрғындардың назарын бірден аударды.

Учаскелік сайлау комиссиясының төрағасы жас жұбайларды құттықтап, оларға отбасылық бақыт тіледі. Дауыс бергеннен кейін олар үйлену тойын жалғастыруға аттанды.

Әсия үшін бұл күн айрықша есте қалмақ. Енді жас жұбайлардың үйлену тойынан қалған фотосуреттердің арасында сайлау учаскесінде түскен ерекше кадрлар да сақталатын болады.