Саясат Нұрбек елордадағы CovUniFest фестиваліне қатысты
Іс-шара студенттерді, талапкерлерді, ата-аналарды және білім ордасының қауымдастығын біріктірді
Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Астанада өткен дәстүрлі CovUniFest фестиваліне қатысып, Coventry University Kazakhstan университетінің жетістіктері мен даму жоспарлары туралы айтты. Іс-шара студенттерді, талапкерлерді, ата-аналарды және білім ордасының қауымдастығын біріктірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Қазақстанды өңірлік білім беру хабына айналдыру бағытында шетелдік ЖОО-лар белсенді түрде тартылуда.
Coventry University Kazakhstan-ның Астанадағы кампусы 2024 жылы ашылғаннан бері студенттер саны 84-тен 892-ге дейін өсіп, он еседен астам артқан. Қазір мұнда Сингапур, Франция, Канада, Қытай, Үндістан сияқты әлемнің 10-нан астам елінен келген студенттер білім алып жатыр. Жалпы биыл Қазақстанға 37 мыңнан астам шетелдік студент келген.
CovUniFest аясында Астанада 5 мың студентке арналған жаңа заманауи кампус пен жатақхананың тұжырымдамасы таныстырылды.
Министр сонымен қатар маңызды жаңалықпен бөлісті.
«Қыркүйек айында Алматыда Coventry University-дің екінші кампусы ашылады. Осылайша, Coventry University Қазақстанда бірден екі кампусы бар алғашқы британдық университет болмақ», — деді ол.
Саясат Нұрбек адами капиталға салынған мұндай инвестициялар еліміздің халықаралық білім беру кеңістігіндегі орнын нығайтатынын атап өтті.