Жоғары қызмет атқарған жастардың бәрі өзіне жүктелген міндетті мүлтіксіз орындады деп айта алмаймын – Тоқаев

Президент жастардың Құрылтай жұмысына ықпалы туралы ойын білдірді

Жоғары қызмет атқарған жастардың бәрі өзіне жүктелген міндетті мүлтіксіз орындады деп айта алмаймын – Тоқаев
Фото: Ақорда

Қасым-Жомарт Тоқаев Құрылтай депутаттығына үміткер жастардың жаңа заң шығарушы орган жұмысына серпін беруі мүмкін екенін атап өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Құрылтай сайлауында дауыс беруге келген мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа Jibek joly телеарнасының тілшісі Ділназ Ерланқызы сауал қойды: «Сіз мемлекет басшысы ретінде жастарға сенім артып, оларға ұдайы қолдау көрсетіп келесіз. Құрылтай депутаттығына үміткерлер арасында түрлі салада жемісті еңбек етіп жүрген жастар бар. Сіздің ойыңызша, олар Құрылтай жұмысына серпін бере ала ма?»

«Оны көре жатармыз. Біз жастарға сенім артамыз. Оларды кезінде түрлі лауазымдарға тағайындадық. Үкіметте жоғары қызмет атқарған жастардың бәрі өзіне жүктелген міндетті мүлтіксіз орындады деп айта алмаймын. Әрине, түрлі кедергі мен себеп кезігіп жатады. Дегенмен жастарға сенім артып, жауапкершілік жүктеу керек. Онсыз болмайды. Қазақстан – демография тұрғысынан жас мемлекет. Сондықтан жастарға зор сенім артамыз. Олар да бұған дайын болуға тиіс. Әйтпесе, кезінде министр болып, Үкіметке келген соң жұмыстың берекесін кетіргендер де болды. Бұған жол бермеуіміз керек», – дейді президент.