Алматы облысында отбасы Құрылтай сайлауына әуе шарымен ұшып келді
Бұл отбасы мүшелерінің әуе шарымен алғаш рет көкке көтерілуі екен
Алматы облысына қарасты Қарасай ауданының Іргелі ауылында тұратын Карповтар отбасы Құрылтай депутаттарын сайлау күнін ерекше өткізді. Олар №455 сайлау учаскесіне «Құрылтай» деген жазуы бар әуе шарымен ұшып келді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бұл отбасы мүшелерінің әуе шарымен алғаш рет көкке көтерілуі екен. Ата-ана балаларының көптен бергі арманын орындап қана қоймай, оны ел өміріндегі маңызды күнмен ұштастырған.
«Балаларымыз әуе шарымен ұшуды көптен бері армандап жүрген еді. Ойлана келе, олардың арманын сайлау күнімен ұштастыруды жөн көрдік. Біз елімізді жақсы көреміз, қазақ тілінде сөйлейміз, салт-дәстүрімізді құрметтейміз. Ел болашағына бейжай қарамай, сайлауға қатысып, өз таңдауымызды жасауды да азаматтық міндет деп білеміз», – деді Александр Карпов.
Әуе шарымен сапар бірнеше минутқа созылған. Көкке көтерілген отбасы туған өлкені биіктен тамашалап, кейін сайлау учаскесіне барған. Ата-анасы дауыс беріп, балаларына сайлау рәсімін көрсетті. Кейін отбасы әуе шарының жанында естелік суретке түскен.
Осылайша Карповтар үшін бұл сайлау күні балалардың арманы орындалып, отбасы болып азаматтық таңдау жасаған ерекше күн ретінде есте қалды.