Сағат 08:00-дегі жағдай бойынша шетелдегі сайлау учаскелерінде 228 азамат дауыс берген
Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаттарын сайлау шетелде де жалғасып жатыр. Қазақстан азаматтарының дауыс беруі үшін әлемнің 61 мемлекетінде 79 сайлау учаскесі құрылған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Арман Исетовтың мәліметінше, шетелдегі сайлау учаскелері Қазақстанның дипломатиялық мекемелері жанынан ашылған. Олардың негізгі міндеті – елден тыс жерде жүрген азаматтардың конституциялық сайлау құқығын жүзеге асыруына мүмкіндік жасау.
Шетелдегі сайлаушылар тізіміне барлығы 11 402 Қазақстан азаматы енгізілген.
Алғашқы дауыс Токио мен Сеулде берілді
Сағат 08:00-дегі жағдай бойынша шетелдегі 26 сайлау учаскесі жұмысын бастаған. Құрылтай депутаттарын сайлауда алғашқылардың бірі болып Жапония мен Оңтүстік Кореядағы қазақстандықтар дауыс беруге кірісті.
«Алғашқы болып дауыс беруді Токио мен Сеул қалаларындағы отандастарымыз бастады. Бұл Астана уақытымен сағат 03:00-де болды», – деді Арман Исетов.
Сыртқы істер министрлігі ұсынған дерекке сәйкес, сағат 08:00-ге дейін шетелдегі сайлау учаскелеріне 228 Қазақстан азаматы келіп, дауыс берген.