Құрылтай сайлауында алғашқы дауыс беру учаскелері Корея мен Жапонияда ашылды

Сеул мен Токиодағы сайлау учаскелері жергілікті уақыт бойынша сағат 07:00-де ашылды

Құрылтай сайлауында алғашқы дауыс беру учаскелері Корея мен Жапонияда ашылды
Фото: ҚР СІМ

Құрылтай депутаттарын сайлауда алғашқылардың бірі болып Корея мен Жапониядағы қазақстандықтар дауыс беру мүмкіндігіне ие болды. Сеулдегі №422 және Токиодағы №425 сайлау учаскелері жергілікті уақыт бойынша сағат 07:00-де ашылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy  Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің Telegram арнасына сілтеме жасап.

Кореядағы Қазақстан азаматтары Құрылтай депутаттарын сайлауда өздерінің конституциялық дауыс беру құқығын алғашқылардың бірі болып пайдаланды.

Сеул қаласында өткен сайлауда алғаш дауыс берген Қазақстан азаматы Корея университетінің студенті Ажар Кәрімжанова болды.

«Мен Кореяда үш жылдан бері тұрамын және қазір Корея университетінде білім алып жүрмін. Қазақстан Республикасының азаматы ретінде еліміздің болашағына қатысты маңызды қоғамдық-саяси үдерістерден тыс қалмауға және өз үлесімді қосуға тырысамын», – деді Ажар Кәрімжанова.

Оның айтуынша, сайлауға қатысу – тек конституциялық құқық қана емес, әр азаматтың азаматтық жауапкершілігі әрі борышы.

«Біздің таңдауымыз елдің болашағына тікелей әсер етеді. Бүгін қабылданатын шешімдер Қазақстанның ертеңгі даму бағытын айқындайды. Сондықтан жастардың өз пікірін білдіріп, елдің қоғамдық-саяси өміріне белсенді араласуы аса маңызды», – деп атап өтті ол.

Токиодағы сайлау учаскесінде алғашқылардың бірі болып отандасымыз Әлішер Әзімбаев дауыс берді. Ол сайлау учаскесіне қазақ қоғамындағы әділдік, заңдылық пен даналықтың символы саналатын би образында келді.

Цукуба университетінде «Мемлекеттік саясат» мамандығы бойынша білім алып жүрген Әлішер өзінің осы образы арқылы қазақ халқының тарихи дәстүрі мен Қазақстанның жас буынының заманауи ұмтылысын астастырды.

Ол Құрылтайдың тарихи тұрғыдан ел тағдырын айқындайтын аса маңызды шешімдер қабылданған ұлттық жиын болғанын атап өтті.

«Менің ойымша, жаңадан құрылған Құрылтай осы дәстүрді халықпен бірлесе отырып мемлекеттік маңызы бар мәселелерді шешуге бағытталған заманауи саяси институт ретінде жалғастырады», – деді ол.

Шетелдегі барлық сайлау учаскелері Қазақстанның дипломатиялық өкілдіктерінің аумағында ұйымдастырылған.