«Ауыл аманаты»: Ауылдық жерлерді дамытуға 150 миллиард теңгеден астам қаржы бағытталды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы аясында Қазақстан Үкіметі ауылдық аумақтарды кешенді дамыту жұмыстарын жалғастыруда
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы аясында Қазақстан Үкіметі ауылдық аумақтарды кешенді дамыту жұмыстарын жалғастыруда. Негізгі басымдық кәсіпкерлікті қолдау, шағын несие беру, жаңа жұмыс орындарын ашу және инфрақұрылымды жаңартуға беріліп отыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Үш жыл ішінде «Ауыл аманаты» бағдарламасын жүзеге асыруға 150 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді. Бұл қаражат ауыл тұрғындарының өз ісін ашып, тұрақты табыс табуына мүмкіндік берді.
Ауыл тұрғындарына жылдық 2,5% мөлшерлемемен 20 мыңнан астам шағын несие беріліп, бағдарламаның арқасында ауылдық жерлерде 22 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылды. 2026 жылы 5 мыңнан астам жаңа жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. Қаржыландыру мал және егін шаруашылығын, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуді, сондай-ақ қызмет көрсету саласын қамтиды.
Бағдарламаның жаңа қағидалары бойынша бөлінетін қаржының кемінде 20% өнімді өңдеу жобаларына бағытталады. Бұл шикізат емес, дайын өнім шығаратын толық өндірістік тізбек құруға мүмкіндік береді.
Бағдарлама аясында ауыл шаруашылығына жатпайтын бизнес түрлерін дамытуға да мүмкіндік кеңейтілді. Ауыл тұрғындары қонақ үй ашу, этно және агротуризмді дамыту сияқты жобаларға жеңілдетілген қаржы ала алады. Сонымен қатар олардың несиелеріне «Даму» қоры арқылы мемлекеттік кепілдік беру тетігі іске қосылады.
2025 жылы «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында шекара маңындағы 226 елді мекенде 255 инфрақұрылымдық жоба жүзеге асырылды. Жұмыстар әлеуметтік нысандарды, ТКШ, жолдар мен инженерлік желілерді жаңартуды қамтыды.
2026 жылдың сәуір айында жаңартылған Өңірлік даму тұжырымдамасы инфрақұрылымды жаңғыртудан бастап, кәсіпкерлікті дамытуға дейінгі мемлекеттік қолдау шараларын едәуір кеңейтті.