Жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл орталығы дауыс беру күні қарсаңында қазақстандықтарға үндеу жасады

Агенттік өкілдері сайлау кезінде арандатушылық сипаттағы фейк пен манипуляциялық контенттің көбейетінін ескертеді

Жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл орталығы дауыс беру күні қарсаңында қазақстандықтарға үндеу жасады
Фото: © istockphoto.com

Жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл орталығы «тыныштық күні» мен дауыс беру кезеңінде қазақстандықтарды ақпараттық сауаттылық пен сабыр сақтауға үндеді. Агенттік өкілдері сайлау кезінде арандатушылық сипаттағы фейк пен манипуляциялық контенттің көбейетінін ескертеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Мұндай ақпараттық араңдатулар сайлау күндері әлемнің көптеген елдерінде тұрақты түрде тіркеледі. Олардың мақсаты - дауыс беру рәсімі туралы бұрмаланған түсінік қалыптастыру және азаматтардың ел өміріндегі маңызды оқиғаға қатысты жағымсыз эмоциялық реакциясын туындату.

Мұндай жарияланымдарда көбіне бұрын түсірілген фотосуреттер мен  бейнематериалдар, басқа елдерге қатысты материалдар (мысалы, сайлау бюллетеньдерді жаппай жәшікке салу көріністері), түсірген уақыты мен орны көрсетілмеген бейнежазбалардың үзінділері, сондай-ақ анонимді аккаунттардан жарияланған ақпараттар пайдаланылады.

Заманауи технологиялар монтаж және жасанды интеллект құралдарын пайдалана отырып, осындай контентті жасауға және таратуға мүмкіндік береді. Олардың қатарында қоғамға танымал тұлғалар мен саясаткерлердің бет-бейнесі, дауысы пайдаланылған жалған фото, аудио және бейнематериалдар да бар.

Орталық өкілдері кез келген хабарламаны алдымен тексеріп, арандатуға ермеуге кеңес береді:

«Ақпарат алу кезінде ресми дереккөздерге сүйеніп, мәліметтің бастапқы дереккөзін тексеріңіздер. Расталмаған хабарламаларды таратпаңыздар. Сіздердің ақпаратқа мұқият әрі жауапкершілікпен қарауларыңыз сайлау күні сабырлы әрі өзара құрметке негізделген ахуалды сақтауға ықпал етеді».