Алматыда дәрігерлер баланың ішінен салмағы үш келі ісікті алып тастады

Гистологиялық зерттеу оның липома, яғни май тінінен пайда болған қатерсіз түзіліс екенін растады

Алматыда дәрігерлер баланың ішінен салмағы үш келі ісікті алып тастады
Фото: Алматы №2 қалалық балалар клиникалық ауруханасы

Алматыдағы №2 қалалық балалар клиникалық ауруханасының дәрігерлері күрделі операция жасап, баланың іш қуысынан көлемі 22 сантиметр, салмағы үш келіден асатын ісікті алып тастады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Аурухана директоры Марат Рабандияровтың айтуынша, операцияның күрделілігі ісіктің көлемімен ғана емес, оның ірі қан тамырларымен тығыз орналасуымен де байланысты болды. Бұл операция кезінде көп мөлшерде қан жоғалту қаупін арттырған. Сондықтан хирургтар үшін әр миллиметрдің маңызы зор болды.

«Операцияның техникалық тұрғыдан күрделі болғанына қарамастан, хирургтарымыз ісікті толықтай бөліп, тұтас күйінде алып тастады және қанның көп мөлшерде жоғалуына жол берген жоқ. Алынған түзілістің салмағы 3124 грамм болды. Гистологиялық зерттеу оның липома, яғни май тінінен пайда болған қатерсіз түзіліс екенін растады», – деп атап өтті Марат Рабандияров.

Дәрігерлердің айтуынша, ісіктің әрі қарай өсуі ішкі ағзалар мен қан тамырларының қысылып, ығысуына және соның салдарынан ауыр асқынулардың дамуына әкелуі мүмкін еді.

«Бұл – командамыздың тағы бір шағын жеңісі. Ең бастысы – бала үйіне дені сау күйде оралады. Балаларыңызды күтіңіздер және олардың денсаулығында немесе сыртқы келбетінде әдеттен тыс өзгерістер байқалса, маманға қаралуды кейінге қалдырмаңыздар», – деді операция жасаған хирург, хирургия жөніндегі директордың орынбасары Марат Қаптағаев.

Операция сәтті өтті. Бала толықтай қалпына келіп, үйіне шығарылды.

Мақалада
#Алматы #дәрігер