Respublica «Алкон+» ұжымымен кездесті

Respublica сайлауалды штабының өкілдері Астанадағы өндіріс саласында өзіндік орны бар «Алкон+» компаниясының ұжымымен кездесті

Respublica «Алкон+» ұжымымен кездесті
Фото: Respublica партиясының баспасөз қызметі

Биыл кәсіпорынның құрылғанына 28 жыл толып отыр. Осы уақыт ішінде компания 150-ден астам ірі жобаны жүзеге асырып, өз өндірістік базасын қалыптастырған. Бүгінде мұнда өнімді жобалаудан бастап, өндіру, монтаждау және кейінгі қызмет көрсетуге дейінгі толық цикл жолға қойылған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Алкон+» бүгінде алюминий қасбеттері мен витраж конструкцияларын, терезе мен есіктерді, жарық өткізгіш және өртке төзімді жүйелерді, қоршауларды және құрылысқа арналған өзге де күрделі шешімдерді шығарады. Заманауи құрал-жабдықтар мен автоматтандырылған өндіріс компанияға Астанада ғана емес, еліміздің өзге де қалаларындағы ірі нысандармен жұмыс істеуге мүмкіндік береді

Кездесудің негізгі бөлігі өндіріс пен бизнес мәселелерінен гөрі, адамдарды алаңдататын өзекті мәселелерге арналды.

Партия төрағасының орынбасары Олжас Құспеков Respublica-ның Парламенттегі жұмысы мен нақты нәтижеге жеткізген бастамалары туралы айтты. Ол лудоманиямен күрес, вейпке тыйым салу және инфрақұрылымды дамыту мәселелерін партияның негізгі бағыттарының қатарында атап өтті.

Кездесуде жастарға цифрлық орта арқылы жетіп жатқан құмар ойындардың жарнамасы да сөз болды. Куспеков соңғы бір айдың ішінде партия өкілдері еліміздің 20 қаласында болып, өңірлердегі жағдайды зерделеп жатқанын айтты. Заң бұзушылық анықталған жағдайда, заңда көзделген шаралар қолданылуы тиіс.

Нұргүл Тау ойынға тәуелділіктен емделу мәселесіне тоқталды. Оның айтуынша, елімізге тәуелділікпен кәсіби түрде жұмыс істейтін мамандар қажет. Алайда бүгінде бұл бағытта кадр тапшылығы бар. Сондықтан мамандар даярлау мәселесіне де жүйелі түрде қарау керек.

Балалар және цифрлық гигиена мәселесі де назардан тыс қалмады. Олжас Құспеков баланың қандай контент көретініне жауапкершілік тек мемлекет пен цифрлық платформаларға жүктелмеуі керек екенін атап өтті. Ата-ана баласының ақпараттық ортасын өзі қадағалап, дұрыс үлгі көрсетуі қажет.

«Өзімізден бастауымыз керек. Өз сөзімізден, ісімізден, отбасымыздан, үйімізден, тіпті ауламыздан. Адам өз айналасына тәртіп орната алса, ел үшін де көбірек іс атқара алады», – деді Олжас Құспеков.

Нұргүл Тау партияның үш жылдық жұмысына да тоқталды. Осы уақыт ішінде Respublica өкілдері елдің барлық дерлік өңірін аралап, қала мен ауыл тұрғындарымен кездесіп, олардың мәселелерін тыңдап, нақты шешімдер ұсынуға тырысқан.

Ал Екатерина Смолякова партияның әлеуметтік бағыттағы жұмысына тоқталды. Respublica өкілдерінің көбі кәсіпкерлік саласынан шыққанына қарамастан, партия білім беру, медицина және отбасыларды қолдау мәселелерін де тұрақты түрде көтеріп келеді. Ол осы бағыттағы жұмыстардың бірі ретінде мектеп оқушыларын ыстық тамақпен қамтамасыз ету мәселесін атады.
Кездесуде жаңа Конституция, жаңа саяси кезең және болашақ Құрылтайдың рөлі де талқыланды.

Кездесу ашық әрі мазмұнды өтті. Әңгіме бизнес пен өндірістен басталғанымен, негізгі назар адамдардың күнделікті өміріне тікелей әсер ететін мәселелерге ауды. Балалардың қауіпсіздігі, ойынға тәуелділік, ата-ана жауапкершілігі, білім мен медицина және елдің дамуына мүмкіндік жасау – кездесудің өзегіне айналды.