Астананың іргесінде тұратын 24 мыңнан астам тұрғын табиғи газға қол жеткізді

Газдандыру жобасы аясында екі елді мекенде жалпы ұзындығы шамамен 240 шақырым болатын газ желісі тартылған

Астананың іргесінде тұратын 24 мыңнан астам тұрғын табиғи газға қол жеткізді
Фото: ҚР Энергетика министрлігі

Ақмола облысының Целиноград ауданындағы Қаражар мен Қараөткел ауылдарына табиғи газ берілді. Жоба бастапқы жоспардан бұрын аяқталып, көгілдір отынға елорда маңындағы 24 мыңнан астам тұрғын қол жеткізген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Газдандыру жобасы аясында екі елді мекенде жалпы ұзындығы шамамен 240 шақырым болатын газ желісі тартылған. Қаражар Целиноград ауданында табиғи газға толық қосылған жетінші, ал Қараөткел сегізінші ауыл болды. Екі елді мекеннің бір магистральдық желі бойында орналасуы жұмысты қатар жүргізіп, инфрақұрылымды мерзімінен бұрын іске қосуға мүмкіндік берген.

Қаражарда 53 шақырымға жуық газ желісі тартылып, бес мыңға жуық тұрғынның табиғи газға қосылуына жағдай жасалды. Ал Қараөткелде жаңа желілердің ұзындығы 185 шақырымға жетті. Ауылда төрт мыңнан астам отбасы тұрады. Қазір олардың шамамен 1,5 мыңы газ жүйесіне қосылған.

Қараөткелді газдандыру жұмысы бес іске қосу кешені бойынша кезең-кезеңімен жүргізілген. Оның алғашқы екеуі былтыр желтоқсанда пайдалануға берілсе, қалған үш кешен биыл аяқталды. Осылайша бастапқыда 2028 жылға дейін созылады деп жоспарланған құрылыс-монтаж жұмысы мерзімінен бұрын толық аяқталған.

Целиноград ауданындағы газдандыру жұмысы мұнымен тоқтамайды. Биыл Қызылсуат ауылын табиғи газбен қамту жобасы жүзеге асырылып жатыр. Жұмыс аяқталғаннан кейін мұнда шамамен үш мың тұрғын көгілдір отынға қол жеткізеді. Сонымен қатар Ақмол, Қабанбай батыр, Өтеміс, Қызылжар, Нұресіл және Қажымұқан ауылдарын газдандыруға арналған жобалық-сметалық құжаттар әзірленіп жатыр. Бұл жобаларды 2027 жылы іске асыру жоспарланған. Жоспар жүзеге асса, аталған елді мекендердегі 30 мыңнан астам тұрғын табиғи газға қосылады.

Целиноград ауданындағы газдандырудың жалғасуы елорда маңындағы елді мекендердің инженерлік инфрақұрылымын дамытуға бағытталған жобалардың бірі болып отыр. Табиғи газдың ауылдарға жетуі тұрғындардың тұрмыс жағдайын жақсартып қана қоймай, елді мекендердегі әлеуметтік және коммуналдық инфрақұрылымды жаңартуға да мүмкіндік береді.