Қазақстандық жасөспірім дзюдодан әлем чемпионы атанды (ВИДЕО)
Ол финалда Канада спортшысы Роман Семирозумды жеңді
Қазақстандық дзюдошы Ғабит Расулхан Эквадордың Гуаякиль қаласында дзюдодан жасөспірімдер арасында өтіп жатқан әлем чемпионатының алтын медалін жеңіп алды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде белдескен ол финалда Канада спортшысы Роман Семирозумды жеңді. Ал финалға дейін Алжир, Түркия, Украина, Жапония дзюдошыларын жарыс жолынан шығарды.
Сонымен қатар, ел қоржынына Әділжан Нұрбекен (-50 кг) мен Адия Жанахмет (-40 кг) - күміс, Бекарыс Құдайберген (-50 кг) мен Ахмет Баубек (-60 кг) қола жүлдені салды.
Осылайша, Қазақстан құрамасы жарыстың алғашқы күнінде-ақ 1 алтын, 2 күміс және 2 қола жүлде жеңіп алып, медаль кестесінде көш бастады.
23 тамызға дейін жалғасатын әлем біріншілігіне 59 елден 457 жас татами шебері қатысып жатыр.