«Ауыл» партиясы ауылдағы өндірісті дамыту мәселесін көтерді
Кездесуде шаруалар қаржыландыру шарттары, инвестиция тарту және мемлекеттік қолдау тетіктеріне қатысты ұсыныстарын айтты
«Ауыл» партиясының төрағасы, ҚР Құрылтайы депутаттығына кандидат Қайрат Айтуғанов Павлодар облысы Набережное ауылындағы «AndasAgro» ұжымымен кездесті. Жиынға кандидаттар Бекен Сағындықұлы мен Ернар Джакашев та қатысты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Кездесуде ауыл шаруашылығын дамыту, шаруаларға қаржының қолжетімділігі және мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігі сөз болды. Кәсіпорын мамандары өндірісті кеңейту, инвестиция тарту және ауылдағы шаруашылықтардың тұрақты жұмыс істеуіне қажетті жағдайларға қатысты пікірлерін жеткізді.
«AndasAgro» – көкөніс, дәнді және бұршақты дақылдар өсірумен, тұқым шаруашылығымен және сүтті мал өсірумен айналысатын көпсалалы кәсіпорын. Мұнда өсімдік және мал шаруашылығы бағыттары қатар дамып келеді.
Қайрат Айтуғанов ауылдың экономикалық әлеуетін арттыру үшін ауыл шаруашылығының әр бағытын біртұтас өндірістік жүйе ретінде дамыту қажеттігін атап өтті. Оның айтуынша, шаруалардың өндіріс көлемін ұлғайтуына қолжетімді қаржы мен ұзақ мерзімді қолдау маңызды. Кездесуде шаруалар қаржыландыру шарттары, инвестиция тарту және мемлекеттік қолдау тетіктеріне қатысты ұсыныстарын айтты.
Аталған мәселелер «Ауыл» партиясының сайлауалды бағдарламасында да қамтылған. Партия ауыл шаруашылығы өндірушілеріне қолжетімді қаржы ұсыну, ауылда тұрақты жұмыс орындарын қалыптастыру және ауыл экономикасын дамытуға жағдай жасау бағыттарын алға қояды. Кездесу барысында Қайрат Айтуғанов ауылдағы өндірістің дамуы жергілікті тұрғындардың жұмыспен қамтылуына және ауылдың экономикалық тұрақтылығына тікелей әсер ететінін атап өтті.