«Құрметсіздік танытты»: Ұлдана Мырзуан ісінде сотталушының адвокаты сотқа келмей қалды
Судья арнайы шешімін жеткізді
Астана қалалық сотында қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапқан 23 жастағы фельдшер Ұлдана Мырзуанның өліміне қатысты сот отырысында Ұлдананың анасы Сәлима Омарова жауап беруін жалғастыруы керек еді. Алайда үзілістен кейін сотталушы Сәуле Жұбаниязованың екінші адвокаты Дәурен Есламбекұлы сот отырысына келмей қалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Төрағалық етуші адвокат Есламбекұлы сот отырысы залына келмеген, сондай-ақ өзінің келмейтіндігі туралы сотқа алдын ала хабарламаған. Бұл ретте ол сот отырысының хатшысына телефон арқылы ауызша түрде басқа сот процесіне қатысатынын хабарлаған. Соған қарамастан, адвокат Есламбекұлы дәлелді себепсіз сот отырысының өткізілуіне кедергі келтіріп, оны кейінге қалдырған. Осылайша, адвокат процесті қасақана созып, сотқа және басқа да процеске қатысушыларға анық құрметсіздік танытып, Адвокат кәсіби әдеп кодексін бұзды. Сот адвокат өз әрекеттерімен кәсіби мінез-құлық нормаларының талаптарын бұзғанын, адвокаттық әдеп шеңберінен шыққанын, мұндай әрекеттердің осы салада белгілі бір жұмыс тәжірибесі бар адвокат үшін жол берілмейтінін атап өтеді», - деді судья Меруерт Абаева.
Осыған байланысты сот Астана қаласының заң консультациясы президиумының және Астана қаласы Әділет департаментінің назарын адвокат Еслембекұлының заңнама талаптарын өрескел бұзғанына, кәсіби мінез-құлық нормаларын сақтамағанына, сотқа және басқа да процеске қатысушыларға құрметсіздік танытқанына аударады және тиісті шаралар қабылдауды сұрады.
Судья адвокат мұндай әрекетімен сот отырысына қатысушыларға деген құрметсіздік екенін атап өтті.