ШҚО-да көзі көрмейтін ер адам бірнеше жыл антисанитариялық жағдайда өмір сүрген

Ер адам пробация қызметінің есебінде тұрмайды

ШҚО-да көзі көрмейтін ер адам бірнеше жыл антисанитариялық жағдайда өмір сүрген
Фото: YK-news.kz

Өскемен қаласында көзі көрмейтін ер адам бірнеше жыл антисанитариялық жағдайда өмір сүрген. Қазір оның баспанасын жанашыр жандар ретке келтіріп жатыр. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі YK-news.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Жер үйде тұратын 55 жастағы көзі көрмейтін ер адамға Шығыс Қазақстан облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті Пробация қызметінің қызметкері Асхат Өтепов назар аударған.

«Ер адам пробация қызметінің есебінде тұрмайды. Асхат оған жай ғана көмек қажет екенін байқап, қол ұшын созған», – деді ШҚО бойынша ҚАЖД ресми өкілі Салтанат Ожиканова.

Ер адамның қандай жағдайда тұрып жатқанын көрген Асхат Өтепов көмек көрсету үшін әріптестеріне жүгінген.

Пробация қызметінің мамандары волонтерлермен бірге оның үйіне барған. Волонтерлердің айтуынша, үйде бірнеше жылдан бері жөндеу де, тазалық жұмысы да жүргізілмеген. Үй иесі көзі көрмегендіктен көптеген тұрмыстық шаруаны өзі атқара алмайтынын айтқан. Негізінен құрғақ тамақпен күнелтіп, азық-түлікті таныстарынан әкеліп беруді сұрайды.

«Пробация қызметінің мамандары мен волонтерлер үйді тазалап, пеш пен мұржаны тазартты, қабырғаларын әктеп, еденін сырлады. Дегенмен жұмыс әлі аяқталған жоқ», – деп толықтырды ҚАЖД.

Қазір көзі көрмейтін ер адамға әлеуметтік қызметкердің қызметін ұсыну мәселесі қарастырылып жатыр.

Мақалада
#Өскемен #баспана