Ұлдана Мырзуан ісіндегі судья өзгермейтін болды
Меруерт Абаева істі қарауды жалғастырады
Астана қалалық сотында қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапқан 23 жастағы фельдшер Ұлдана Мырзуанның өліміне қатысты соттың екінші отырысы өтіп жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Сотталушы Сәуле Жұбаниязованың адвокаты Асхат Алимов судьяға қарсылық білдірді. Судья Меруерт Абаеваға қатысты шешімді Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сот төрағасының міндетін атқарушы Самат Сембаев қарады.
Ол адвокат Асхат Алимовтың судьяға қарсылығын қанағаттандырусыз қалдврды.
«Сот барлық деректі зерделей келе судьяны ауыстыруды жөн деп санамайды. Бұл жағдайда адвокаттың қарсылық білдіруінің деректері аз болуына байланысты Меруерт Абаева шеттетілмейді. Сондықтан қарсылық білдіру негізсіз», - деді Сембаев.
Еске салсақ, 2025 жылғы 8 қарашада Астанада тоғыз қабатты тұрғын үйдің сыртқы қаптамасы құлап, бірнеше адам үйінді астында қалған болатын. Оқиға орнына алғашқы болып жеткендердің қатарында жедел жәрдем фельдшері Ұлдана Мырзуан да болды. Зардап шеккендерге көмек көрсету кезінде ғимараттан кондиционердің сыртқы блогы үзіліп түсіп, Ұлдана мен оның әріптесінің басына тиген. Сол қайғылы оқиға салдарынан жалпы бес адам түрлі жарақат алды. Жас маман он күн бойы жансақтау бөлімінде өмір үшін арпалысты. Дәрігерлер қолдан келген ем-домның бәрін жасағанымен, 2025 жылғы 18 қарашада 23 жастағы Ұлдана Мырзуан қайтыс болды. Сол күні Президент Қасым-Жомарт Тоқаев оның ерлігін жоғары бағалап, марқұмды «Ерлігі үшін» медалімен марапаттау туралы шешім қабылдады.