Қазақстанда теміржол өнімдерін өндіру 8 жылда жеті еседен астам өсті

Салада 60-тан астам қазақстандық кәсіпорын жұмыс істейді, онда 8,5 мыңнан астам адам еңбек етеді

Қазақстанда теміржол өнімдерін өндіру 8 жылда жеті еседен астам өсті
Фото: gov.kz

Қазақстанда теміржол машинасын жасау қарқынды дамып келеді. Соңғы сегіз жылда теміржол секторы өнімдерін өндіру көлемі 104,5 млрд теңгеден 740,4 млрд теңгеге дейін өсіп, жеті еседен асты. 2025 жылдың қорытындысы бойынша өндіріс 22,5%-ға артып, 734 млрд теңгеге жетті, ал 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында бұл көрсеткіш 345 млрд теңгені құрады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy агенттігі Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне сілтеме жасап.

Ел экономикасының тұрақты дамуында көлік-логистика саласының, оның ішінде теміржол машинасын жасау кешенінің маңызы ерекше. Бүгінде салада 60-тан астам қазақстандық кәсіпорын жұмыс істейді. Олар 8,5 мыңнан астам адамды жұмыспен қамтып отыр. Өндірілетін өнімдегі қазақстандық қамту деңгейі 30%-дан 90%-ға дейін жетеді.

Локомотивтер, жүк және жолаушылар вагондары, мойынтіректер, тұтас илемделген дөңгелектер, осьтер, арба бөлшектері мен тораптары және басқа да өнімдер Астана, Петропавл, Екібастұз, Степногор, Павлодар, Семей, Өскемен және Атырау қалаларындағы кәсіпорындарда өндіріледі.

Индустрияландыру бағдарламасын іске асыру аясында локомотив және вагон жасау саласындағы әлемнің жетекші компаниялары — Wabtec Corporation, Alstom, Stadler және басқалары тартылды.

2025 жылдың қорытындысы бойынша теміржол секторы бұйымдарын өндіру көлемі өткен жылмен салыстырғанда 22,5%-ға өсіп, 734 млрд теңгеге жетті. Бұл бүкіл машина жасау саласының жалпы көлемінің 13%-ын құрайды.

Өткен жылы отандық зауыттар 114 локомотив, оның ішінде 45 электровоз және 69 тепловоз, сондай-ақ 3 068 вагон шығарды. Олардың қатарында жартылай вагондар, платформалар және жолаушылар вагондары бар.

Өндірістің өсу қарқыны 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында да сақталды. Көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 16,6%-ға артып, 345 млрд теңгеге жетті. Бұл ретте электровоз өндірісі 24%-ға, жолаушылар вагондары 11%-ға, теміржол жолдарын жөндеу және техникалық қызмет көрсетуге арналған көлік құралдары 3,3 есеге, ал локомотив бөлшектері мен қозғалысты басқаруға арналған механикалық жабдықтар өндірісі 36%-ға өсті.

2026 жылға өндірушілер 94 локомотив, 193 жолаушылар вагонын, 1 323 жартылай вагон және 2 377 платформа шығаруды жоспарлап отыр. Сонымен қатар жылжымалы құрамның жекелеген түрлері бойынша зауыттардың өндіріс көлемін ұлғайтуға мүмкіндігі бар.

Мемлекеттік қолдау мен бизнестің белсенді қатысуының арқасында елде жаңа заманауи зауыттар ашылып, қолданыстағы өндіріс орындары жаңғыртылуда.

Мәселен, өткен жылы Астанада швейцариялық StadlerBussnang AG компаниясымен бірлесіп, жылына 100 жолаушылар вагонын шығаратын «ШтадлерҚазақстан» зауыты іске қосылды. Кәсіпорын жайлы купелі, плацкартты, штабтық және техникалық вагондар шығарады.

Атырау облысында «ТексолТранс» компаниясы жылдық жобалық қуаты 6 мың бірлік болатын жүк вагондары өндірісін іске қосты. Атырау вагон жасау зауыты өткен жылы 305 жартылай вагон шығарды.

Қазіргі уақытта «ТексолТранс» ЖШС Атырауда құю зауытының құрылысын жүргізіп жатыр. Жылына 60 мың тоннаға дейін құйма бөлшектер өндіретін кәсіпорын 2027 жылы іске қосылады деп жоспарлануда. Жоба аясында шамамен 500 жұмыс орнын құру көзделген. Бұл вагондарға арналған құрамдас бөлшектер өндірісін 90%-ға дейін жергіліктендіруге мүмкіндік береді.

Семей машина жасау зауыты 2025 жылдан бастап жылына 600 бірлік жартылай вагон шығаратын өндірісті іске қосты.

Екібастұзда Railways Systems KZ холдингінің теміржол кластері жұмыс істейді. Ол теміржол дөңгелектерін өндіретін «Проммашкомплект» ЖШС зауытымен бір мезгілде іске қосылды. Кластердің құрылуы логистиканы және өндірушілер арасындағы өзара іс-қимылды оңтайландыруға, сондай-ақ жоғары технологиялық өнім өндіруге жағдай жасауға мүмкіндік берді.

Сонымен қатар «Востокмашзавод» және «Format Mach Company» кәсіпорындары сапалы құйма өндірісін кеңейту үшін автоматты қалыптау желілерін енгізу бойынша инвестициялық жобаларды жүзеге асыруда. Ал «Railcast Systems» компаниясы соғу-бандаж кешенін құру жобасын іске асыруда.

Аталған және басқа да бастамалар елішілік құндылықты арттырып, Қазақстанның жоғары технологиялық өнімдердің ірі экспорттаушысы ретіндегі позициясын нығайтуға ықпал етеді.