Қазақстанда құрылыс қарқыны артты: 7 айда 5 трлн теңгеден астам жұмыс орындалды

Қазақстанда құрылыс жұмыстары 15,3%-ға өсті

Қазақстанда құрылыс қарқыны артты: 7 айда 5 трлн теңгеден астам жұмыс орындалды
Фото: istockphoto.com

Елімізде биыл қаңтар-шілде айларында орындалған құрылыс жұмысының көлемі 15,3%-ға өсіп, 5 061,1 млрд теңгені құрады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, құрылыс жұмысының (қызметтерінің) түрлері бойынша ең көп үлесті автомобиль, теміржолдары мен метролар (24,7%), тұрғын емес ғимараттар (жалпы көлемге 21,4%) және тұрғын үйлердің (13,4%) құрылысы алады.

Айта кетейік, Республикалық деңгейде атқарылған құрылыс жұмыстарының жалпы көлемінің 90,1%-ын жеке құрылыс ұйымдары, 9,2%-ын шетелдік компаниялар, ал 0,7%-ын мемлекеттік ұйымдар орындады.

2026 жылғы қаңтар-шілдеде құрылыс жұмыстары көлемінің 2025жылғы қаңтар-шілдемен салыстырғанда өсуі имараттарды салу және жөндеу жұмыстарына(19,5%) байланысты.

«Аумақтық бөліністе республиканың он сегіз өңірінде құрылыс жұмыстары көлемінің ұлғаюы байқалады. Едәуір өсу Ұлытау облысы (3 есе), Қызылорда (34,9%), Павлодар (32%), Атырау (27,9%), Түркістан (25,7%), Шығыс Қазақстан (24,5%), Абай (23,1%), Қостанай (22,3%), Батыс Қазақстан (17,3%) және Жамбыл облыстарында (14,7%), Алматы қаласында (23,3%) байқалады. 2026 жылғы қаңтар-шілдеде пайдалануға берілген жаңа объектілердің жалпы алаңы 12339 мың шаршы метрді құрады. Пайдалануға берілген тұрғын үйлердің жалпы алаңы 2025жылғы қаңтар-шілдемен салыстырғанда 3,9% көбейді, 9746 мың шаршы метрді құрады, олардан 6546,4 мың шаршы метр – көп пәтерлі және 3157,9 мың шаршы метр – жеке үйлер. Тұрғын үйлердің едәуір бөлігін – 9289,5 мың шаршы метрді немесе 95,3%-ын жеке құрылыс салушылар, оның ішінде, 3321,3 мың шаршы метрді халық пайдалануға берген», – делінген бюро хабарламасында.

2026 жылғы қаңтар-шілдеде білім беру және денсаулық сақтау саласында 18090 оқу орнына арналған 32 жалпы білім беретін мектеп, 4207 орынға арналған 32 мектепке дейінгі ұйымдар және ауысымда 198 келіп-кетушіге арналған 6 амбулаториялық-емханалық ұйымдар, сондай-ақ ауруханаға 120 төсек-орынқосымша пайдалануға берілді.