«Жастар саясаттың көрермені емес»: Петропавлда ReTalks өтті

Петропавлда Respublica партиясының ReTalks жобасы өтті

«Жастар саясаттың көрермені емес»: Петропавлда ReTalks өтті
Фото: Respublica партиясының баспасөз қызметі

Солтүстік өңірдің жастары бас қосқан ашық алаңда саясаттан бастап білім мен кәсіпке дейінгі мәселелер ортаға салынды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Петропавл - өндірісі мен еңбек дәстүрі қалыптасқан қала. Мұнда жастар үшін басты сұрақтардың бірі - білім алған соң туған өңірде өз орнын тауып, кәсіби тұрғыдан өсуге мүмкіндік бар ма деген сауал. ReTalks барысында осы тақырып та назардан тыс қалмады.

Кездесуге студенттер, жас мамандар, кәсіпкерлер мен белсенді жастар қатысып, өздерін толғандырған сұрақтарын ашық қойды. Әңгіме саясаттың жастар өміріне әсерінен бастап, жұмысқа орналасу, кәсіп бастау және өз өңірінде қалуға мүмкіндік жасауға дейін жалғасты.

Құрылтай депутаттығына кандидат Тоқтар Болысов Петропавл жастарына үн қатып, жастарды елдегі өзгерістердің сырттай бақылаушысы болмауға шақырды.

«Жастар саясатқа сырттан қарап отырмауы керек. Петропавл сияқты еңбекпен тыныстап тұрған өңірлердің жастары өз қаласының, өз облысының болашағын қалыптастыруға тікелей араласуы қажет. Біз жастар үшін емес, жастармен бірге жұмыс істейміз. Себебі елдің ертеңін бүгіннен бастап құратын да - осы буын», - деді Тоқтар Болысов.

ReTalks форматының ерекшелігі - мұнда дайын баяндамаға орын жоқ. Жастар сұрақ қояды, пікір білдіреді, ал спикерлер нақты жауап береді. Бұл жолы да Петропавл жастары өзекті мәселелерді ашық айтып, ұсыныстарын ортаға салды.

Respublica өкілдері өңір жастарының білім алып, жаңа мамандықтарды игеріп, кәсіп бастап, туған жерінде еңбек етуіне мүмкіндік беретін жағдай жасау маңызды екенін атап өтті.

Петропавлдағы ReTalks жастардың саясатқа қызығушылығы бар екенін көрсетті. Ең бастысы - олардың пікірін тыңдайтын және ұсынысын іске асыруға мүмкіндік беретін алаң болуы керек.