Судья Ұлдана Мырзуанның сотын ашық өткізуге рұқсат берді
Іс Қылмыстық кодекстің 254-бабы 1-бөлігі «Міндеттеріне адал қарамау» бойынша жүргізілген
Астана қалалық сотында қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапқан 23 жастағы фельдшер Ұлдана Мырзуанның өліміне қатысты сот отырысы өтіп жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ұлдана Мырзуан тарапының адвокаты Нұрсұлтан Орынбек сотқа БАҚ өкілдерінің қатысуын сұрап, өтініш ұсынды. Сотқа қатысушы барлық тарап бұл ұсынысқа қарсы шыққан жоқ.
Сот процесіне бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерінің қатысуына қатысты шешімді судья шығарды.
Іс Қылмыстық кодекстің 254-бабы 1-бөлігі «Міндеттеріне адал қарамау» бойынша жүргізілген.
Айта кетерлігі, 23 жастағы фельдшер Ұлдана Мырзуан Астанада тұрғын үй ғимаратының қасбеті құлаған кезде зардап шеккендерге көмек көрсетуге ұмтылып, ауыр жарақат алған болатын. Кейін ол ауруханада көз жұмды.
2025 жылғы 8 қарашада Астанада тоғыз қабатты тұрғын үйдің сыртқы қаптамасы құлап, бірнеше адам үйінді астында қалған болатын. Оқиға орнына алғашқы болып жеткендердің қатарында жедел жәрдем фельдшері Ұлдана Мырзуан да болды. Зардап шеккендерге көмек көрсету кезінде ғимараттан кондиционердің сыртқы блогы үзіліп түсіп, Ұлдана мен оның әріптесінің басына тиген. Сол қайғылы оқиға салдарынан жалпы бес адам түрлі жарақат алды.
Жас маман он күн бойы жансақтау бөлімінде өмір үшін арпалысты. Дәрігерлер қолдан келген ем-домның бәрін жасағанымен, 2025 жылғы 18 қарашада 23 жастағы Ұлдана Мырзуан қайтыс болды. Сол күні президент Қасым-Жомарт Тоқаев оның ерлігін жоғары бағалап, марқұмды «Ерлігі үшін» медалімен марапаттау туралы шешім қабылдады.
Кейін Астанадағы медициналық колледждердің біріндегі оқу аудиториясына Ұлдана Мырзуанның есімі берілді. Бұл шешім оның қызметтік борышын өтеу кезінде көрсеткен жанқиярлығы мен кәсібіне адалдығына көрсетілген құрмет ретінде қабылданды.