«Ауыл» партиясы Алматыдағы жылыжай кешенінің жұмысымен танысты

Кездесу барысында қатысушылар кәсіпорынның жұмысымен танысып, жылыжайда қолданылатын технологияларды көрді

«Ауыл» партиясы Алматыдағы жылыжай кешенінің жұмысымен танысты
Фото: Ауыл партиясының әлеуметтік желісінен

«Ауыл» партиясының төрағасы Қайрат Айтуғанов Алматыдағы «BRB APK» ЖШС еңбек ұжымымен кездесті. Жиынға Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаттығына кандидаттар Ахметбек Қоңырбаев, Айбек Қуатбаев, Айнұр Идрисова және Алмас Мұхаметов қатысты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Кездесу барысында қатысушылар кәсіпорынның жұмысымен танысып, жылыжайда қолданылатын технологияларды көрді. Әңгіме отандық көкөніс өндірісін дамыту, елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және ауыл шаруашылығы өндірушілеріне көрсетілетін мемлекеттік қолдау шаралары төңірегінде өрбіді.

Сонымен қатар өнімнің өзіндік құнын төмендету, кәсіпкерлерге кедергі келтіретін әкімшілік рәсімдерді азайту және бизнестің ұзақ мерзімді жоспарын құруына мүмкіндік беретін тұрақты жағдай қалыптастыру мәселелері талқыланды. Үлкен қалалардың айналасында азық-түлік белдеулерін дамыту және өнімді өндіруден бастап сақтауға, тасымалдауға және сатуға дейінгі барлық кезеңді қамтитын агрологистикалық жүйе құру мәселесі де көтерілді.

Кәсіпорын қызметкерлері мемлекеттік қолдау тетіктерін жетілдіруге қатысты ұсыныстарын айтып, бизнестің ұзақ мерзімге жоспар құруы үшін қажетті жағдайлар туралы пікірлерін білдірді. Кездесуде ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының нақты тәжірибесін отандық өндірушілерді қолдауға арналған тетіктерді әзірлеу кезінде ескерудің маңызы атап өтілді.