«Әділет» партиясы өңірлерде халықпен кездесіп, инфрақұрылым, денсаулық сақтау және ауылдарды дамыту мәселелерін талқылады
Ұлытауда кандидаттар ақсақалдармен жүздессе, Шымкентте коммуналдық сала мамандарымен қалалық инфрақұрылымды дамыту мәселелері көтерілді. Таразда партия өкілдері инфекционист дәрігерлерге денсаулық сақтау саласындағы сайлауалды бастамаларын таныстырды
«Әділет» партиясының сайлауалды штабының өкілдері Ұлытау, Шымкент және Жамбыл облыстарында тұрғындармен және еңбек ұжымдарымен кездесулер өткізді. Жүздесулер барысында өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуы, коммуналдық инфрақұрылым, денсаулық сақтау, профилактикалық медицина және халықтың өмір сүру сапасын арттыру мәселелері талқыланды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ұлытауда ақсақалдармен өңірдің болашағы талқыланды
Құрылтай депутаттығына кандидаттар Ақжол Құрмансейіт пен Алмат Жөкебаев Ұлытау ауданының орталығында ақсақалдармен кездесті.

Жүздесу барысында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, ауданда туризмді дамыту және халық санын арттыру мәселелері сөз болды. Аға буын өкілдері өз ұсыныс-пікірлерін білдіріп, жас кандидаттарға алғыстарын жеткізді.
«Құрылтай кандидаттарының арасында жастардың көптігі қуантады. Біз бәріміз қалмай сайлауға қатысамыз. Болашақ бүгін өздеріңнің қолдарыңда» – деді аудан тұрғыны Серік Тәшенов.
Кездесу соңында ақсақалдар кандидаттарға ақ батасын беріп, ел игілігі жолындағы жұмыстарына сәттілік тіледі.
Ұлытау ауданына сапар барысында кандидаттар «Есіктен есікке» акциясы аясында қариялардың үйлеріне де арнайы барып, тұрғындарға партияның сайлауалды бағдарламасын түсіндірді.
Жалпы, Ұлытау облысында үгіт-насихат жұмыстары аясында 371 кездесу өткізіліп, 50 мыңға жуық тұрғын қамтылды.
Шымкентте коммуналдық қызмет сапасы талқыланды
Шымкентте «Әділет» партиясының қалалық сайлауалды штабының өкілдері Тұран ауданындағы «Коммуналдық қызмет көрсету» КММ ұжымымен кездесті.
Жиынға Құрылтай депутаттығына кандидат Нұрлан Бекназаров, Шымкент қалалық сайлауалды штабы жетекшісінің орынбасары Ербол Байқонысов және штаб мүшелері Есімхан Бертаев, Мэлс Баймаханов пен Нұрғазы Бухарбаев қатысты.
Ашық форматта өткен кездесуде партияның алдағы бес жылға арналған сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттары таныстырылды. Қалалық инфрақұрылымды жаңғырту, коммуналдық қызмет сапасын арттыру, қаланың тазалығы мен абаттандырылуын қамтамасыз ету, тұрғындар үшін қауіпсіз әрі қолайлы орта қалыптастыру мәселелеріне назар аударылды.

Құрылтай депутаттығына кандидат Нұрлан Бекназаров қаланың тұрақты дамуы ең алдымен тұрғындардың күнделікті өміріне қолайлылық әкелуі керектігін атап өтті.
«Біздің ұстанымымыз – халықтың нақты сұранысына жауап беретін, нәтижесі көрінетін жұмыстарды қолдау. Қала инфрақұрылымы заман талабына сай дамып, тұрғындарға жайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастырылуы тиіс. Бұл ретте коммуналдық қызметтердің сапасы, инженерлік желілердің жағдайы, аулалар мен қоғамдық кеңістіктердің абаттандырылуы сияқты мәселелердің маңызы зор. Қаланың дамуы ең алдымен тұрғындардың өмір сапасынан көрінуі керек», – деді Нұрлан Бекназаров.
Өз кезегінде Шымкент қалалық сайлауалды штабы жетекшісінің орынбасары Ербол Байқонысов коммуналдық сала қызметкерлерінің еңбегіне тоқталды.
«Қаланың тазалығы мен абаттандырылуы, коммуналдық қызметтердің үздіксіз жұмысы – тұрғындардың күнделікті жайлылығына тікелей әсер ететін факторлар. Бұл бағытта еңбек етіп жүрген мамандардың жұмысы көбіне көзге көріне бермегенімен, олардың атқаратын қызметі өте маңызды. Сондықтан коммуналдық саланы дамыту мәселесімен қатар, осы сала қызметкерлерінің еңбек жағдайы мен әлеуметтік қорғалуына да көңіл бөлу қажет», – деді Ербол Байқонысов.
Кездесуде еңбек ұжымы өкілдері қалалық инфрақұрылым мен коммуналдық шаруашылыққа қатысты ұсыныстарын жеткізді. Сондай-ақ алдағы кезеңдегі жоспарлар мен шешімін күткен мәселелер талқыланды.
Таразда дәрігерлермен денсаулық сақтау мәселелері талқыланды
«Әділет» партиясының республикалық сайлауалды штабының өкілдері Жамбыл облысына жұмыс сапары барысында Жамбыл облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының медицина қызметкерлерімен кездесті.
Жиында партияның 2026–2031 жылдарға арналған «Әділетті болашақ үшін» сайлауалды бағдарламасындағы денсаулық сақтау саласының негізгі бағыттары таныстырылып, инфекциялық аурулардың алдын алу және медициналық көмектің сапасын арттыру мәселелері талқыланды.
Партия өкілдері денсаулық сақтау жүйесінің басты міндеттерінің бірі ауруды емдеумен қатар, оның алдын алу екенін атап өтті. Осыған байланысты профилактикалық медицинаны дамыту, алғашқы медициналық-санитариялық көмектің тиімділігін арттыру, ауруларды ерте анықтау және халық арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру шараларын күшейту ұсынылады.

Партия бағдарламасында қазақстандықтардың күтілетін өмір сүру ұзақтығын 77 жасқа дейін арттыру стратегиялық мақсат ретінде белгіленген.
«Денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігі ауруды қаншалықты жақсы емдейтінімізбен ғана емес, оның алдын ала алатынымызбен де өлшенеді. Сондықтан профилактикаға, ерте диагностикаға және халықтың денсаулық мәдениетін қалыптастыруға басымдық беру қажет. Өмір сүру ұзақтығын арттыру – бір ғана медициналық ұйымның емес, бүкіл денсаулық сақтау жүйесінің ортақ міндеті», – деді партия өкілдері.
Кездесуде инфекциялық аурулардың алдын алу, санитариялық-эпидемиологиялық қауіпсіздік, профилактикалық түсіндіру жұмыстарын күшейту және медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық базасын жаңарту мәселелері де көтерілді.
Медицина қызметкерлері өз кезегінде саладағы күнделікті жұмыс барысында кездесетін мәселелерді ортаға салып, медициналық кадрларды қолдау, мамандардың кәсіби біліктілігін арттыру, заманауи медициналық құрал-жабдықтарға қолжетімділікті қамтамасыз ету және медициналық инфрақұрылымды жаңғырту жөнінде ұсыныстарын білдірді.
Партия өкілдері медицина қызметкерлерінің кәсіби әлеуетін қолдау денсаулық сақтау сапасын арттырудың маңызды шарттарының бірі екенін атап өтті. «Әділетті болашақ үшін» бағдарламасында медициналық кадрларды даярлау және олардың кәсіби дамуына жағдай жасау, медициналық инфрақұрылымды жаңғырту, сондай-ақ заманауи технологияларды денсаулық сақтау жүйесіне кеңінен енгізу бағыттары қарастырылған.

Сонымен қатар цифрлық технологиялардың мүмкіндіктерін пайдалану, медициналық ақпараттың қолжетімділігін арттыру және профилактикалық жұмысты күшейту мәселелеріне назар аударылды.
Жиын соңында медицина қызметкерлері партия өкілдеріне сауалдарын қойып, денсаулық сақтау жүйесін жетілдіруге қатысты ұсыныстарын жеткізді. Көтерілген мәселелер облыстық сайлауалды штаб тарапынан жинақталып, алдағы жұмыс барысында ескерілетін болады.
«Әділет» партиясы денсаулық сақтау саласында басты назарды адамның өмірі мен денсаулығын қорғауға, медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға және профилактикалық медицинаны дамытуға бағыттауды ұсынады.