Тоқаев қоғам қайраткері Салтанат Рахымбекованың отбасына көңіл айтты
Эколог, экономика ғылымдарының докторы Салтанат Темірқұлқызы 2 тамызда қайтыс болды
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев танымал қоғам қайраткері, эколог, экономика ғылымдарының докторы Салтанат Темірқұлқызы Рахымбекованың дүниеден өтуіне байланысты оның жұбайы, «Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Төлеутай Рахымбековке және отбасы мен жақындарына көңіл айтып, жеделхат жолдады.
«Салтанат Темірқұлқызы әр жылдары қоршаған ортаны қорғау, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласын жетілдіру, сондай-ақ, «Жасыл» экономиканы дамыту бағытында көп іс атқарды. Қазақстанның кәсіпкер әйелдері одағының тең төрайымы, Қазақстан Азаматтық альянсының президенті болып, еліміздегі саяси-қоғамдық жұмыстарға белсенді атсалысты. Марқұмның жаны жәннатта, иманы саламат болсын», – делінген жеделхатта.
Салтанат Рахымбекова 1965 жылы 18 ақпанда дүниеге келген. Ол Қазақстан Азаматтық альянсының президенті болды. «Жасыл» экономика және экология саласында танымал қоғам қайраткері бірнеше үкіметтік емес ұйымның негізін қалаған еді. Экономика ғылымдарының докторы. «Құрмет» орденінің иегері.