Еліміздің бірнеше өңірінде күн 40 градусқа дейін ысиды – Қазгидромет
Синоптиктер елорда мен бірнеше облыста дауылды ескерту жариялады
3 тамызда Нұр-Сұлтан мен бірнеше облыста күн қатты ысып, жел тұрады, деп хабарлады «Қазгидромет» синоптиктері. Соның салдарынан өрт қаупі туындауы мүмкін.
Мамандардың болжауынша, астанада солтүстік-шығыстан соққан желдің жылдамдығы секундына 18 метрге дейін жетеді.
Ақмола облысында да дауылды жел тұрып, ауа температурасы 36 градусқа дейін ысиды. ШҚО-да шаңды дауыл көтеріліп, күн күркірейді. Солтүстік-шығыстан соққан желдің жылдамдығы секундына 15-20 метрге дейін жетуі ықтимал.
Ақтөбе облысында ауа температурасы 35-39 градус аралығында болады. Секундына 16 метр жылдамдықпен соққан желдің салдарынан дала өрті туындауы мүмкін. Батыс Қазақстан облысында күн күркіреп, найзағай ойнайды, бұршақ жауады деп күтілуде. Солтүстік шығыстан 15-20 м/сек жылдамдықпен жел тұрып, құмды дауыл көтеріледі.
Атырау облысының кей жерлерінде нөсерлі жаңбыр жауады. Дауылды желдің жылдамдығы секундына 18-23 метрге дейін жетеді деп күтілуде. Күндіз ауа температурасы 36 градус нөлден жоғары. Маңғыстау облысында да шаңды дауыл көтеріліп, күн күркірейді. Облыс орталығы Ақтауда секундына 17-20 метр жылдамдықпен солтүстік-батыстан жел соғады.
Қостанай облысында күн 38 градусқа дейін ысиды деп болжанып отыр. 15-20 м/сек жылдамдықпен соққан жел салдарынан дала өрті туындауы мүмкін.
Қызылорда облысында да күн қатты ысып, термометр бағаны 40 градусқа дейін көтеріледі. Өңірде жоғары өрт қаупі сақталуда.
Күн солтүстік облыстарда да ысиды. Павлодар мен Солтүстік Қазақстан облыстарында температура 35-36 градусқа дейін жоғарылап, секундына 15-20 метр жылдамдықпен жел соғады.
Қарағанды облысында солтүстік-шығыстан секундына 23 метр жылдамдықпен дауылды жел тұрады. Күндіз температура 37 градус ыстықтықты көрсетіп, өрт қаупі сақталады.