Бектенов әкімдерге шүйлікті: 13 мектепте жөндеу жұмысы баяу жүріп жатыр
Ол цифрландыру мәселесіне де аса көңіл бөлді
Премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет отырысында жаңа оқу жылына дайындық барысын пысықтап, білім беру сапасы, оқушылардың қауіпсіздігі мен инфрақұрылымды жаңғырту бағытында өңір әкімдері мен министрліктерге нақты тапсырмалар жүктеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Үкімет басшысының айтуынша, 1 қыркүйекте елімізде 47 жаңа мектеп есігін ашады, оның 20-сы «Келешек мектептері» жобасы аясында салынған. Сонымен қатар, 2026 жылдың соңына дейін өңірлерде тағы 64 мектептің құрылысы аяқталуға тиіс.
Үкімет басшысы кейбір өңірлерде мектептерді жөндеу және жабдықтау қарқыны төмен екенін ашық айтып, әкімдерге ескерту жасады.
«1 қыркүйекке дейін еліміздегі 106 мектепте жөндеу жұмысы аяқталуы керек. Алайда Алматы қаласы, Абай, Ақмола, Батыс Қазақстан және басқа да облыстарда 13 мектеп бойынша жұмыс қарқыны баяу. Аталған өңір әкімдеріне жөндеу жұмысының уақытылы аяқталуын тікелей бақылауға алуды тапсырамын», - деді Олжас Бектенов.
Бұдан бөлек, жыл соңына дейін мектептерде 1 400-ден астам робототехника, физика, химия, биология кабинеттерін орнату жоспарланған.
Бектенов бұл мәселеде іркіліс жасап отырған Алматы, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан, Атырау, Ұлытау және Ақмола облыстарының әкімдіктеріне қаржыландыру мен сатып алу рәсімдерін тездетуді тапсырды.
Премьер-министр мектептердегі қауіпсіздік пен цифрландыру мәселесіне де баса назар аударды.
Жасанды интеллект министрлігіне шалғай ауылдардағы мектептерді жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз ету жүктелді. Қостанай және Солтүстік Қазақстан сияқты өңірлер жыл соңына дейін барлық мектеп камераларын ІІМ-нің Жедел басқару орталықтарына (ЖБО) қосуы тиіс. ІІМ-ге «Назар аударыңыз – балалар!» акциясын қыркүйек айының соңына дейін ұзарту тапсырылды.
Биыл жергілікті бюджет есебінен 400 мыңнан астам мұқтаж балаға материалдық және әлеуметтік қолдау көрсетіледі. Сондай-ақ денсаулық сақтау министрлігіне мектеп асханаларындағы тағам сапасы мен санитариялық нормаларды қатаң бақылауда ұстау міндеттелді.
Оқу жылына дайындықтың жалпы үйлестіру жұмыстары премьер-министрдің орынбасары Аида Балаеваға жүктелді.