Мектептердегі тексеріс: елімізде жүздеген білім беру нысанының қызметіне тыйым салынды
Жарты жылда 2,3 миллион бала профилактикалық медициналық тексеруден өтті
Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова үкімет отырысында жаңа оқу жылына мектептердің дайындығы мен оқушылардың денсаулығын сақтау мәселелері бойынша баяндама жасады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Министрдің айтуынша, биылғы маусым айында жүргізілген санитариялық-эпидемиологиялық мониторинг қорытындысы бойынша мектептердегі заң бұзуды жою туралы 8 400 нұсқама беріліп, 287 жедел ден қою шарасы қабылданды.
«Оның ішінде 247 объектінің қызметіне тыйым салынды. Бұл шешімдердің 240-ы санитариялық-эпидемиологиялық қорытындының болмауына, ал 7-еуі мектептердің авариялық жағдайдағы ғимараттарда орналасуына байланысты қабылданды. Сонымен қатар, ғимараттардың санитариялық-техникалық жай-күйі нашар және инженерлік желілері жарамсыз болған 40 объектінің қызметі уақытша тоқтатылды», - деді Ақмарал Әлназарова.
2026 жылдың бірінші жарты жылдығында 2,3 миллион бала профилактикалық медициналық тексеруден өтті. Тексеру нәтижесінде оқушылардың 11 пайызында түрлі аурулар анықталған. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, балалар арасында кариес, анемия және миопия аурулары жиі кездеседі.
Биылдан бастап оқушыларды тексеру тәртібі қайта қаралып, процестер цифрландырылып жатыр. Енді оқушылардың саулығын тексеру үшін ЖИ элементтері бар ЭКГ, фонендоскоп, пульсоксиметр, отоскоп және интраоральдық камера сияқты цифрлық диагностикалық құрылғылар қолданылады.
Бұдан бөлек, мектеп асханаларының 95 пайызы тексеріліп, жаңа оқу жылында тамақтану стандарттарының мүлтіксіз орындалуы қатаң бақылауға алынатыны хабарланды.