«Әділет» партиясы Қазақстан өңірлерінде тұрғындармен, кәсіподақтармен және еңбек ұжымдарымен кездесулер өткізді

Партия өкілдері кәсіпкерлік, еңбек, әлеуметтік қорғау, білім беру, сумен қамту және спортты дамыту мәселелерін талқылады

«Әділет» партиясы Қазақстан өңірлерінде тұрғындармен, кәсіподақтармен және еңбек ұжымдарымен кездесулер өткізді
Фото: партияның баспасөз қызметі

«Әділет» партиясының өңірлердегі сайлауалды штабтары тұрғындармен кездесулерін жалғастыруда. Семейде партия өкілдері сауда орындарында кәсіпкерлермен және қала тұрғындарымен жүздессе, Ақтөбе облысында кәсіподақ өкілдерімен еңбек және әлеуметтік қорғау мәселелерін талқылады. Маңғыстау облысында стратегиялық кәсіпорын қызметкерлерінің мәселелері көтеріліп, Түркістан облысында спортты дамытуға қатысты партия бағдарламасы таныстырылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Семейде кәсіпкерлер мен тұрғындардың мәселелері талқыланды

Семей қаласында «Әділет» партиясы Абай облыстық сайлауалды штабының өкілдері «Солтүстік терминал», «Мереке» және «Триумф» сауда орындарында кәсіпкерлермен және тұрғындармен кездесті.

Құрылтай депутаттығына кандидат Айрат Базенов «Солтүстік терминал» базарына барып, кәсіпкерлермен және еңбек адамдарымен жүздесті. Нысан аумағында 400-ден астам сауда орны жұмыс істейді. Оның қызметі сауда, логистика, қойма шаруашылығы, ветеринариялық қызметтер, тазалық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағыттарын қамтиды.

«Бір сауда орнының артында бір адамның ғана емес, бірнеше отбасының табысы тұр. Сондықтан базарды жай ғана сауда алаңы деп қарауға болмайды. Бұл — еңбек, қызмет, логистика мен кәсіпкерлік тоғысқан тұтас шағын экономика», — деді Айрат Базенов.

Алдын ала сайлау штабының мүшесі, Құрылтай депутаттығына кандидат Эльзира Солтабаева адам көп жиналатын орындарда тұрғындармен кездесіп, партия туралы ақпараттық материалдар таратты. «Мереке» сауда үйінде партия бағдарламасының негізгі бағыттары таныстырылып, қала тұрғындарының ұсыныстары тыңдалды.

Айгерім Жұмақанова халықпен тікелей қарым-қатынастың маңыздылығын атап өтті.

«Адамдармен бетпе-бет сөйлескенде олардың нақты қандай мәселелерге алаңдайтынын жақсы түсінесің. Әр пікір біз үшін маңызды. Өйткені өзгеріс халықтың үнін тыңдаудан басталады», — деді Айгерім Жұмақанова.

Ақтөбе облысында кәсіподақтармен еңбек және әлеуметтік қорғау мәселелері талқыланды

Ақтөбе облысында партияның өңірлік сайлауалды штабының өкілдері кәсіподақ ұйымдарының мүшелерімен кездесті. Жиында «Әділет» партиясының жұмыспен қамту, білім беру және жастарды қолдау салаларындағы ұсыныстары, сондай-ақ жұмыс орындарының сапасын арттыру және кәсіби даму мүмкіндіктерін кеңейту шаралары талқыланды.

Өңірлік штаб өкілі Айгүл Нұркеева әлеуметтік қорғау саласындағы бастамалар туралы айтып берді. Атап айтқанда, партия бала дүниеге келгеннен бастап 18 жасқа толғанға дейін қолжетімді мемлекеттік қолдау шаралары мен қызметтерінің барлығын қамтитын цифрлық маршрут құруды ұсынады.

Сондай-ақ әлеуметтік қауіпсіздікті күшейту, ауыл мектептеріндегі білім беру жағдайын жақсарту және мүгедектігі бар адамдар үшін тең мүмкіндіктер жасау мәселелері көтерілді. Оның ішінде мүгедектікті «бір терезе» қағидаты бойынша растау ұсынысы да бар.

Талғат Төремұратов кәсіби бағдарлау және цифрлық білім беру саласындағы ұсыныстарды таныстырды. Олардың қатарында білім беру бағдарламаларын жұмыс берушілердің талаптарына сай жаңарту және колледждерде дуальды оқытуды кеңейту бар. Бұл студенттерге теориялық білімді кәсіпорындардағы тәжірибемен ұштастыруға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар сұранысқа ие мамандарды даярлау және жастардың цифрлық дағдыларын арттыру мәселелері сөз болды.

Бибігүл Кәлел ауылдық жерлердегі білім беруді дамыту жөніндегі ұсыныстарды таныстырды. Атап айтқанда, ауылдық және шалғай өңірлерге білікті педагогтерді тарту, ағылшын тілін оқытуды дамыту, бейінді инженерлік, IT, математикалық және гуманитарлық мектептер құру, сондай-ақ STEM-сыныптарын ашу мәселелері айтылды.

Кездесуге қатысушылар еңбек қатынастары, әлеуметтік қолдау және адами капиталды дамытуға қатысты партия ұсыныстарына сұрақ қойып, пікір алмасты.

Маңғыстауда су тұщыту зауытының жұмысшыларымен кездесу өтті

17 тамызда «Әділет» партиясы Маңғыстау облыстық филиалының сайлауалды штабы «Каспий су тұщыту зауыты» ЖШС еңбек ұжымымен кездесті.

Кездесудің негізгі мақсаты — 23 тамызға жоспарланған Құрылтай сайлауының маңызын түсіндіру және жұмысшыларды саяси науқанға белсенді қатысуға шақыру.

Ашық диалог барысында сайлаудың ел болашағын айқындаудағы рөлі, азаматтардың қоғамдық-саяси үдерістерге қатысу жауапкершілігі және әрбір қазақстандықтың өз таңдауын жасау құқығы талқыланды.

Штаб өкілдері кәсіпорын жұмысшыларын партияның сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттарымен таныстырып, елдің әлеуметтік-экономикалық тұрақтылығын қамтамасыз ету жөніндегі мақсаттарын таныстырды.

Кездесу барысында зауыт қызметкерлері өңір үшін өзекті мәселелерді көтерді. Олардың қатарында еңбек адамдарының әлеуметтік пакетін жақсарту және құқықтарын қорғау, кәсіпорынның өндірістік әлеуетін арттыру және су тапшылығын шешу үшін жаңа технологияларды енгізу, жаңа тұрақты жұмыс орындарын ашу және жастарды өндіріске тарту, халықтың әл-ауқатын арттыру және баға тұрақтылығын бақылау мәселелері бар.

Партия өкілдері стратегиялық кәсіпорынның еңбек ұжымымен кездесудің маңыздылығын атап өтіп, азаматтардың ұсыныстары мен өтініштері назардан тыс қалмайтынын жеткізді.

Шардарада «Әділет» партиясы спортты дамыту жөніндегі бағдарламасын таныстырды

Түркістан облысында партияның сайлауалды штабы Шардара ауданының спортшыларымен кездесті. Жүздесу Шардара қаласындағы №2 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде өтті.

Кездесуде «Әділет» партиясының бес жылға арналған сайлауалды бағдарламасындағы спорт саласының басымдықтары таныстырылды. Партия спортты ұлт денсаулығын нығайтатын стратегиялық сала және жастарды тәртіпке, еңбекке, табандылыққа тәрбиелейтін маңызды орта ретінде қарастырады.

Шардара ауданы қол күресінен әлемдік және азиялық деңгейдегі жоғары нәтижелерімен ерекшеленетін Қазақстандағы бірегей спорттық өңірлердің бірі саналады. Соңғы 25 жылда мұнда 120 әлем чемпионы, 119 әлем чемпионатының жүлдегері, 87 әлем кубогының иегері және «Комбат ойындарының» бес әлем чемпионы шыққан.

Сонымен қатар аудан тұрғындары арасында 351 Азия чемпионы, 284 Азия чемпионатының жүлдегері және Азия кубогының 97 иегері бар. Қазақстан чемпионаттарында шардаралық спортшылар 555 чемпиондық атақ, 706 жүлделі орын иеленіп, халықаралық 85 турнирде жеңіске жеткен.

Кездесуді «Әділет» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының орынбасары, облыстық сайлауалды штаб мүшесі Қалыйма Жантөреева ашып, жүргізді.

Партияның облыстық филиалының төрағасы, облыстық сайлауалды штаб жетекшісі, Құрылтай депутаттығына кандидат Нұрлан Толыбаев Шардараның спорттағы жетістіктері бүкіл елдің мақтанышы екенін айтты.

«Партиямыздың «Әділетті болашақ үшін» сайлауалды бағдарламасында бұқаралық спортты дамытуға, балалар мен жастардың спортпен тұрақты айналысуына жағдай жасауға ерекше мән берілген. Біз чемпиондарды ғана емес, чемпион болуға ұмтылған әр баланы қолдауымыз керек. Спортшының жеңісін бәріміз көреміз. Ал сол жеңіске дейінгі жолын бәріміз бірдей көре бермейміз. Таңғы жаттығу, күнделікті тәртіп, жарақат, жеңіліс, қайта дайындалу – осының бәрі чемпионның жолы. Сондықтан біз спортшыдан нәтиже күтсек, оған сол нәтижеге жететін жағдайды да жасауымыз керек», — деді Нұрлан Әлішерұлы.

Партия өкілдері балалар мен жасөспірімдерді спортқа жаппай тарту, бұқаралық спортты және салауатты өмір салтын дамыту, спорт инфрақұрылымының қолжетімділігін арттыру, ауылдық жерлердегі балаларға спортпен айналысуға тең мүмкіндік жасау, спортшылар мен жаттықтырушыларды қолдау, сондай-ақ дарынды жас спортшылардың кәсіби деңгейге көтерілуіне жағдай жасау жөніндегі ұсыныстарын таныстырды.

Кездесуге облыстық мәслихат төрағасы, облыстық сайлауалды штаб мүшесі Нұралы Әбішов, Құрылтай депутаттығына кандидаттар Нұрсадық Ергешбек пен Бауыржан Жамалов, сондай-ақ штаб мүшелері Бақытжан Серманизов, Гүлжазира Ізбасарова және Мөлдір Нұрман қатысты.

«Әділет» партиясы азаматтармен, кәсіпкерлермен, кәсіпорындардың еңбек ұжымдарымен, кәсіподақтармен және түрлі сала өкілдерімен тікелей диалогты жалғастыратынын мәлімдеді. Партия өкілдері қоғам үшін өзекті мәселелер мен тұрғындардың ұсыныстарын бірлесіп талқылауға ниетті екенін атап өтті.