Павлодар облысында әкімдік жетім қызды баспана кезегінен алып тастап, үйсіз қалдырмақ болған

Ол бала кезінде ата-анасының қамқорлығынсыз қалып, балалар үйінде тәрбиеленген және сол кезде тұрғын үй кезегіне қойылуы тиіс болған

Павлодар облысында әкімдік жетім қызды баспана кезегінен алып тастап, үйсіз қалдырмақ болған
Фотоколлаж: Azattyq Rýhy/Әбілқасым Есентаев

Павлодар облысында жетім қыздың мемлекеттік тұрғын үй кезегіне қатысты құқығы сот арқылы қалпына келтірілді. Ол шенеуніктердің салғырттығынан тұрғын үй кезегінде алты жыл жоғалтып алған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Оқиға 2008 жылдан басталған. Балалар үйінде тәрбиеленген Б. есімді азамат заң бойынша ата-анасының қамқорлығынсыз қалған бала ретінде тұрғын үй кезегіне автоматты түрде қойылуы тиіс болған. Алайда жауапты мамандар бұл міндетін орындамаған. Соның салдарынан ол кезекке тек 2014 жылы енгізілген.

Мәселе мұнымен де бітпеген. 2023 жылы жауапты орган қызды басқа елді мекенге көшіп кетті деген себеппен тұрғын үй кезегінен алып тастаған. Жәбірленуші мәселені сотқа жеткізбей шешіп, кезектегі бастапқы жылын – 2008 жылды қайтаруға тырысқан. Алайда шенеуніктер оның кезегін тек 2014 жылдан бастап қалпына келтіруге келіскен. Осыдан кейін әйел сотқа жүгінген.

Сот отырысында қыздың тұрғын үй кезегіне уақытында тұра алмауына қорғаншылық органдары мен кейіннен таратылған балалар үйінің өз міндеттерін тиісінше орындамауы себеп болғаны анықталды. Ол кезде талапкер кәмелетке толмағандықтан, өз құқығын өзі қорғай алмаған. Сонымен қатар сот қолданыстағы заңнамаға сәйкес, жетім балаларды тұрғын үй алғанға дейін есептен шығаруға болмайтынын ескерді.

Сот лауазымды тұлғалардың әрекетсіздігі мен қабылдаған шешімдерін заңсыз деп танып, талапкердің құқығын толық қалпына келтірді.

Енді оның тұрғын үй кезегіне қойылған ресми күні ретінде 2008 жыл есептеледі. Осылайша, қыз кезекте жоғалтқан алты жылын қайтарып алды.

Сот шешімі заңды күшіне енді.